Азапты ғұмырдың ащы ақиқаты

Тәуелсіздік – тәңір тартуы. Біз бүгін бейбіт күннің бесінгінде тербелген егемен елміз. Кешегіміз көмескі, болашағымыз бұлдыр емес. Жаңа Қазақстанның жаңа тарихы, кеңестік кезең ақиқаты жазылып та жатыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мойнына артылған басты міндет те сол болар.

Расында репрессияның дүлей дауылы өңіріміздің зиялы қауымын да қоғадай жапырып, сексеуілдей сиретіп тынып, қаншама отбасын орны толмас қасіретке ұшыратты. Азаптау абақтыларындағы айтуға ауыз бармайтын сұмдықтар өз алдына, саяси тұтқындар лагерьлеріндегі жағдайлар да жан түршігерліктей еді.

Ал Оңтүстіктегі Ащысай кен өндірісінде істеп жүрген 42 адамның 19-ы ату жазасына кесілген. Атылған әлгі 19 құрбанның бірі Сарысу ауданы, Калинин атындағы №6 ауылдың тумасы Жәкенов Сұлтан болатын. Келешектен үміті зор жас кеншінің №0431 мұрағаттық анықтамасына сүйенсек, жары Жәкенова (Сейілханова) Балайым 1914 жылы Созақ ауданына туған, Алматыдағы коммунистік жоғары оқу орнының түлегі. Ал 1927 жылы дүниеге келген бауыры Жәкенов Қыпшақпайдың да Ащысайда ағасымен бірге тұрып, оқуын жалғастырып жатқаны жазылыпты.

«Өлім – ойран, өмір – майдан» демекші, еңбек майданында ерте танылып, жастығына қарамай, кеншілер қалашығының маңдайалды қызметкерлерінің бірі атанған Жәкенов Сұлтанның жары Сейілханова Балайымның да бақытты балалық шақты кешпегеніне күмән жоқ. Есін де біліп үлгермеген екі жасында аяулы анасы ана дүниеге аттанып, әкесі бөтен әйелмен бас құрап кетеді. Тағдырдың тезіне тым ерте түскен бүлдіршін апасы мен атасының қолында өсіп жетіліпті. Мұнан әрі тәптіштей түссек, Созақтың Қызылкөліндегі қыз ғұмырын өткізген Балайымның білім бұлағынан қана сусындауға мүмкіндігі болмаған сыңайлы. Тек 4 жылдық ликбезді бітіріп, сауатын ашады. Желкілдей өсіп, жаңа білімге енді ұмтыламын деген тұста қазақ даласын алапат аштық жайлап, оқу тұрмақ жан бағудың өзі мұң болып қалады.

Бейғам бұқараны баудай түсірген сол ашаршылық жылдары Шолаққорғанға бір еврей дәрігер жер аударылып жіберіліпті. Қынадай қырылған халыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей болып, білген ем-домын көрсеткен білікті дәрігерге қаршадай қыз Балайым да барынша қолқанат болып, аштықтан бұратылып, ажал аузында жатқандар мен жарты түйір дән таппай жантәсілім еткендерді жинап, жерлеуге көмектеседі. Арада үш-төрт жыл өткен соң жас мамандармен бірге асқақ арманы жетелеп Ащысай шахтасына жұмысқа аттанады. Қауырт тірліктен бір сәт қолы босағанда қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.

Туа біткен таланты шабыт шоғын үрлеп, шахтадағы шағын мәдениет үйінде Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» пьесасы бойынша қойылған спектакльде бас кейіпкердің бейнесін де барынша шынайы сомдап шығады. Ол тұста өнерде қыз баласының қатары сирек болғасын әйел образында да көбінше ер адамдар ойнай береді екен. Әдебиетке құштар, басқа пьесалардың да біразын жатқа соғатын Балайымның бағы сол кезде жанса керек.

Осындай шуақты шақтардың бірінде шахтадағы өрт қауіпсіздігі мекемесінің басшысы Жәкенов Сұлтанғазымен танысып, көп ұзамай тұрмыс құрады да, екі жастың бақытқа толы күндері басталып кетеді. «Жақсы жұбай – жарым бақыт» десек те, бұл дәурен ұзаққа созылмапты. 1937 жылдың күзіне таяған тұста «Ащысай руднигіне диверсия дайындаған» Жәкенов Сұлтанның басына да қара бұлт үйіріледі. Содан кейін-ақ Жәкенов Сұлтан облыстық комитет хатшысы В. Темірбаев 1989 жылы 10 қазанда қол қойған қаулыға сүйенсек, «халық жауы» болғаны әрі ұлтшылдық ұйымға мүшелікке өткені үшін партияның Түркістан аудандық комитетінің 1937 жылғы 9 қыркүйектегі шешімімен партиядан қуылып, қуғын көреді. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты тек 1956 жылы 31 тамызда ғана оның ақтығына айғақ болып, КОКП-ға мүшелігін қалпына келтіреді.

Жалпы 1908 жылы туған Жәкенов Сұлтан тұтқындалғанға дейін «Ачполиметалл» комбинаты өрт сөндіру командасының басшысы қызметін атқарған екен. Ал «Қызыл террор» қырағыларының құрығына ілінген соң 1937 жылы 7 желтоқсанда көпке ұзамай жазасы да жария етіліп, 58-баппен 10 жылға бас бостандығынан айырылады.

Алайда анығы сол, облыс прокуроры  В. Шведюк жолдаған басқа бір құжатқа қарасақ, ол ОҚО ҰҚК үштігінің үкімімен Ащысай руднигінде бой тасалаған басқа да төңкеріске қарсы ұлтшыл-диверсияшыл қоғам жауларымен бірге әшкере болып, бәрі де 14 желтоқсанда ату жазасына кесіліп кеткен.

Одан бөлек партия мүшелерін тіркеу қағазында оның төңкеріске дейін Қарағанды көмір кенішінде қара жұмыс істеп, 1934 жылы Түрікменстан Республикасының Красноводск қаласында кеніштегі қауіпсіздік ережелері бойынша 3 жылдық кешкі курсты бітіргені, 1935 жылы Ресейдің Свердловск облысындағы Төменгі Тагиль қаласында бір жылдық біліктілікті арттыру курсында оқығандығы көрсетіліпті.

Жәкенов жазалы болып жатқанда Балайым Алматыда білімін жетілдіріп жүрген. «Ащысайға аттап баспа. Сұлтанның соңынан кетесің» деген қауесетке сенбей, талай бақытты сәттеріне куә болған кенішке келгенімен, милиция «халық жауының үйі» деп мөрлеп кеткен баспанасын маңайлай алмайды. Таныстары түгел теріс айналып, достары дұрыс қабақ танытпағасын, бауырының жарын далаға тастамас деп Сұлтанның туған қарындасы Жібектің үйін паналайды. Жұрт аузында сөз жата ма, көп өтпей-ақ қара көлікке мінген қара ниеттілер алып кетуге асығыс келіпті. Ерте ме, кеш пе, бұл қасіреттің қайта айналып соғарын анық сезген Балайым «келдіңдер ме әйтеуір» деп әлекедей жаланған жендеттердің жетегінде кете барады.

Содан сотқа дейінгі сарсаң, түбі жоқ тергеу бір толастамайды. «Контра күйеуіңнің диверсия дайындағанын растап қол қойсаң, бұл азаптың бәрінен де құтыласың» деген қыспаққа көнбей, ақыр соңында 10 жылға сотталады. Үкімді НКВД үштігі 1937 жылдың 20 желтоқсанында шығарған.

Балайым Сейілханова жазасын өтеуге жіберілген абақты 3500 шақырым жердегі Вологда облысы Шексна өзені сағасында екен. Бастапқыда біраз аралықты отарбамен артқа тастаған тұтқындар негізінен этапқа дейінгі ұзақ жолды арып-ашып, жадап-жүдеп жаяу жүріп өтіпті. Туған жерден тым жыраққа алып бара жатқан ұшы-қиырсыз жолда жүруге әл-дәрмендері қалмай, аз ғана аялдаған тұста түпсіз ойға батқан Балайым жол бойындағы электр бағаналарындағы сымдардың зарлы зыңылын інгенін іздеген ботаның даусына ұқсатып, алыстағы ауылы есіне түсіп, ағыл-тегіл жылайды. Ымырт үйіріле бере этапты күзеткен жасауыл оларды айдаладағы қуықтай бір шіркеуге әкеліп қамап тастайды. «Үш күннен соң тозаққа да бой үйретесің» деген рас-ау, аяқ қозғар жер таппай иін тірескен тұтқын әйелдер тағдырдың бұл мазағына да мойынсұнып, таң сібірлеп атқанша бір-біріне сүйеніп ұйықтап шығыпты. Сөйтіп, қалың орман арасындағы түрмеге қажып-талып әрең жетеді.

Суығы сүйекті сырқырататын казармаға «халық жауларының» жарларын қаны бұзылған қылмыскерлермен әдейі қатар жатқызыпты. Бұл қапаста Балайымның тергеушіден көрген теперіші аздай, қылмыскерлерден де қиянат тартқан өрімдей жас қыз өкпек желі өңменіңнен өтетін орыс орманында айлап, жылдап ағаш кеседі. Сол тұста Сейілханова небәрі 23 жаста еді. Кеудесін мұң торласа да, келешектен үмітті жас ауыр жұмыстан белі бүгілгенімен, күндігіне қос норманы қатар орындап, екі паёк алады екен. Біреуін өзіне жұмсап, біреуін маңайда жүрген аш балаларға тығып таратуды әдетке айналдырады. «Ақылыңнан алжасқан шығарсың сен қыз! Өкімет сені өлімге айдады. Ал сен болсаң, сүйегің саудырап тұрса да екі адамның жұмысын жасайсың» деп жағы талмай жазғырғандарға, ауыз толтырып ақыл айтқандарға пысқырып та қарамай, қара жұмысқа жегіле түседі. Ақыры өтеусіз бейнет өз дегенін істеп, қақаған қыста қатты ауырып қалады. Бұл сұрапыл соғыс басталған тұс болса керек. Дәрі-дәрмек түгілі дәке де жоқ. Бар білгендері, буын-буынын суық шалған Балайымды шыршаның бұтағы салынған жылы суға салып, қайта төсегіне жатқыза беріпті. Жаны қатты қиналып, түрменің татымсыз быламығын жұтуға да шамасы келмей, беті бері қарамауға айналғанда Ленинградтан «халық жауы» болып келіп, көресінің бәрін көрген Мария Козловская деген егде жастағы инженер әйел жылы сөзбен сүйеп, жаны ашып жігерлендіріп:

«…Валюшка (сол жердегілер қойған есім болса керек), сен әлі уылжыған жассың. Қайтсең де мына тозақтан құтылуға тиіссің. Өлім таяу, бірақ сен өмірді сүй! Әлі-ақ қайта тұрмыс құрып, балалы да боласың, бәрі де ұмытылады» деп дем берген екен. Осылайша жат жерде он жылын өткізіп, жаза мерзімі біткен соң өз өңіріне аяқ басқан Сейілханова Балайым 1957 жылдың 17 шілдесінде Оңтүстік  Қазақстан облыстық соты президиумының шешімімен басыбүтін ақталып, бұрынғы жұмыс атқарған Ащысайға қайта оралады.

1948 жылы Бердібаев Рахманқұлға тұрмысқа шыққан Балайым Ащысай комбинатындағы жұмысында алдыңғы қатардан көрініп, 1954 жылы түсті металлдар министрлігіне қарайтын, асхана директорларын дайындайтын курсқа оқуға жіберіледі. Оқуын ойдағыдай бітіріп, асхана директоры болып талай жыл талмай еңбек етеді. 92 жас жасап, 2005 жылдың 23 желтоқсанында қайтқан ананың артында бір ұл, бір қыз қалды. Берікмұрат деген баласы жастай шетініп кетсе, ұлы Жанмұрат пен келіні Махаббаттан төрт немере, үш шөбере көрді.

Түрмеде адамды тұқыртудың неше түрлі жиіркенішті тәсілін көріп, төбе шашы талай мәрте тік тұрған кейуана балаларын бетінен қақпай, беталды ақыл айтпай, еркін өсіріпті. Өзі басқаратын асхананың люстралары мен дуалдарын айнадай етіп жуғызып, еңбекке де ерте баулыпты. Адамды сыйлауды өмірлік қағида етуге үндепті. Бірақ қасіретті жылдар салған жүректегі жара жазыла қоймаса керек. Мұны Балайым әженің немересі Әлішерге оңашалап айтқан: «Ерте, ерте, ертеде, бағзы бір заманда, біздің өлкеде бір әнші қыз болыпты. Ол біздің халықтың ішінен бірінші болып көп алдына сәукелесіз шығып, жаңа заман, жаңа өмірге тез бейімделіп, спектакльдерде шебер ойнайды екен. Ал сонан соң… көзге түртсе көргісіз қара түнек орнап, тас қараңғылық тұмшалаған қорқынышты бір түнде қара күртешелі үш қанішер әлгі қызды қапыда торға түсіріп, жауыздардың жауызының қолына апарып тапсырады. Ал ол болса алақанын соға айызы қанып, кінәсіз қызды ұзақ-ұзақ жылға, түбіне көз жетпейтін терең зынданға қамап тастайды. Жүрегі дір етпей, сүйген жігітінің де жанын алады. Содан … сұлулығы сор болып, самайын бір күнде қырау шалған қыздың қос жанарынан дамылсыз тамған ащы жас көлге айналыпты…»,- деп келетін үрейлі ертегісінен де, «…Түркістан түрмесінде тепкіні де көрдім, тергеуге де төздім. Абақты дәлізінде допросқа апарып, әкелетін конвоир бір қаға берісте «Ештеңені мойындама, әйтпесе атыласың» деп құлағыма сыбырлап үлгерген. Содан сұмпайылардың алдап-азғыруына көнбедім. «Мына суретке сен миистрлер кеңесінің бұрынғы төрағасы, «халық жауы» Құлымбетовпен бірге түсіпсің. Біткен жерің осы, бұған не дейсің?»- деп алдыма түкке тұрмайтын айғақтарын тастаса де селт етпедім, қатты қорықсам да еш қағазға қол қоймадым. Ал Сұлтаным қызуқанды, қаны басына шапса қайратына басатын жігіттің төресі еді ғой. Жабыла соққан жасауылдан именбей, кезекті бір жауап алуда текке қинаған тергеушіні астындағы орындықпен сілейте соғып, басын жарыпты. Сол-ақ екен, аз күннен соң атылып кетті ғой…»,- деген ескірмейтін естеліктерінен де айтылмай кеткен ақиқатты айқын аңғаруға болатындай.

Тағдыр басынан сипамаған Балайым біздіңше осынау көрген қорлығының бәрі жүрегінде беріш боп қатып, жанын жай таптырмағасын жұбанышын жырдан тапқан секілді. Ақын болмаса да қаламының қуаты бар, әр шумағынан шындықтың үні шығады.

Шындығына келсек, бар нәубетті бастан кешіп, бейбіт заманда көңілі жайланып көз жұмған Сейілханова Балайым тоталитарлық жүйенің тұтқындары, тар кезеңнің құрбандары еді.

Ал азаттық айдынындағы елдің бүгінгі басты меже-міндеті сталиндік аласапыранда арманда кеткен Алаштың ұл-қызының тағдырына қатысты мұрағат құжаттарын тарихын тануға ұмтылған жасампаз жұртқа тегіс жария ету, рухани мол мұрасын ұжданды ұрпаққа аманаттау болуы тиіс.        

Асан Үсіпов, 

Ғалым Қасымхан,

М.Әуезов атындағы ОҚУ, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушылары,

Балқия Дәулетбаева, оқытушы. 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.