Бекжан Тұрыс Біз руханиятсыздың дертінен халықты аман сақтап қалуымыз керек

Біздегі өнер адамдарының кемшілігі сол, қоғамдағы кеселдерге бей-жай қарайды. Ұлт болғаннан кейін ұлттық проблема болмай қоймайды ғой. Сондай кезде біздің өнер адамдарының үні шықпайды еш уақытта. Олар сол  атаққа келген кезде, басқа кезде жандарын салады. Неге біз ұлт бойындағы рухани қасиеттерді айтпаймыз. Осы нәрсе мені қынжылтады. Үніміз шықпай, үнсіз қалған, аузымызға құм құйылған кездер көп. Кешегі жер дауы болсын, басқа нәрселер болсын, жаңағы атақ үшін айқайлап жүргендердің бірін де естіген емеспіз. Біз қазір өзі бір түрлі қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Асан абыздың бір сөзі бар еді «заман бүлінерде, теріс айналады» деген. Сондай бір заман өзгеріп, теріс айналып жатыр ма өзі… Бүкіл ұлтымыздың бойында бар құндылықтардан айрылып қалдық. Ал біздің ертеңіміз құнды, құнарлы болуы үшін бізге көп нәрсе керек емес. Руханиятқа көп көңіл бөлуіміз керек. Біз руханиятсыздың дертінен халықты аман сақтап қалуымыз керек. Ұлттың бойындағы шынайылығын тазалап алуымыз керек. Сонда ғана ұлтымыздың келешегі, бабаларымыздың өміршең өнегесі кемелдене түсетін еді. Бүгінгі атыс-шабыс, әлекей-сүлекей өнерсымақ тірлікті емес, кешегі бабаларымыздың өміршең өнегесін, тәлім-тәрбиесін бүгінгі ұрпақтың бойына, қанына сіңірсек екен. Біздің ұрпақ кешегі бабаларымыздың үлгі өнегесін өгейсінеді. Осыған үн қоссақ болар еді ғой.

***

Қоғам екіге бөлініп алды ғой. Бірі даттайды. Бірі мақтайды. Бірақ осы бізге керек пе еді деген ой болады. Біз бетіне қарап отырған абыз ақсақалдарымыз қазір өздерін аласартып алған сияқты. Жазушылығында мін жоқ, құрметтейміз. Бірақ кез келген адамның бойында пенделік бар. Сол пенделік жеңіп кеткен шығар деп ойлаймын.

Қатты айтылған болса да, қазіргі бар нәрсе. Қазақ деген әруағын айбозындай қадірлеген халық. Қазаның орны жіңішке, әруақтың орны биікте, салт-санасын салмақтаған халық едік. Бүгінде сол әруақтармен алысатын болып кеттік. Бұл біздің ұлттың ойын ары қарай алып бара жатқан дүниелер.

***

Атыс-шабыс, әлкей-сүлкей дүниелер көбейді. Қазір біз батысшыл болып алдық. Лениннің сөзі бар ғой «ең маңызды дүние — идеология» деген. Бізде бәрі қойыртпақ. Қазақша, орысша сөздер, онымен қоса боқтық сөздер ақтарылып, жан дүниеңді жалаңаштандырып жіберетін дүниелер көп. Отбасыңмен отырып кино көре алмайсың. Ең өкініштісі, сол киноларда сенің әріптесіңнің жүргені. Мен осындай нәрсемен күресіп жүрсем, менің әріптестерім сол жерде жүреді. Бұл да бір жанбағыстың көрінісі шығар. Өнер деген халықтың ар-ожданының көркемдік бейнесі. Бұрын өнердің салмағы ар-ұятпен өлшенетін. Қазір ардан аттап кетіп жатырмыз. Жаңағыдай арзан дүниелерге ақша үшін барады. Бәлкім, танылу үшін баратын шығар. Мен үйтіп танымал болмай-ақ қояйын. Ертеңгі күні есті ұрпақ келе жатыр. Күндердің күнінде олар бетке басады. Тоғышарлық жайлаған заманда кеселдерге қарсы тұра алмай жатырмыз. Ұлттың ұлағаты, әдебиеті, мәдениеті, әдебі сақталмаған жерді жын-шайтан иектейді. Қазірден ұлт руханиятын сақтаудың жолын қарастыруымыз керек. Өз еркімен жіберген жастарымыз ойларына келгенін істеп жатыр. Жабайы, жат, өрескел мінездер кеңінен етек алып, жан дүниеміз жалаңаштанып бара жатыр. Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Біле білсең, қазір қазақтың рухани әлемі өмір мен өлім додасын бастан кешіп жатыр» деп еді. Өлім деген жақта дін жоқ, діл жоқ, рухани шатылдық. Дамыған елдердің рухани мәдениеті деген даңғазадан құлақ түріледі. Ұлт қасіреті — өзіміз өскен тамырдан кіндік үзу.

***

Кешегі біздің әкелер тәрбиесі, қазақы қатаң тәртіп қандай! Әкені, үлкенді қалай сыйлаудың үлгісін аналарымыз көрсетті. Үйде отырған кезде «әкең келе жатыр» деген бір ғана сөзбен тәрбиеледі. Сол кезде мен ойлайтынмын, әкенің бойындағы бір үлкен қасиет пе деп. Кейін ойланып қарасам, ол ананың бойындағы әліпби екен ғой. Қазіргі қаптап кеткен түрлі психологтар мен коучтардың ақысын төлеп, ақылын тыңдап жүргендерге не деп айтуға болады. Тіпті адамның күлкісі келеді. Біз енді салт-санасын салмақтаған, ар-ұятты алға қойған халық едік қой. Сол халықтың неге осынша ұсақталып кеткенін кейде мен түсіне алмай қаламын. Иман мен жанды жолына құрбан қылып, ата-баба жолында аштан емес, ардан өлген халық едік. Қазір ардан аттап кетіп жатырмыз. Кешегі қазақтың келіндері, өзіміздің аналарымыз қандай еді?! Осы уақытқа дейін сол кісілердің тәрбиесімен өстік қой. Жеңгелерді көрдік, келіндерді көрдік. Қандай еді шіркін.

Біздің кемшілігіміз отбасының тәрбиесіндегі кемшілігіміз шығар. Мәселе білімнің толықтығында емес, мәселе сананың толықтығында. Бекжанды алаңдатын не десеңіз, тұтас ұлтты біріктіретін сананы қалыптастырсақ деген ой. Мен айтқан ұлттық сана, ұлттық болмыс, қазір осылардың барлығынан ажырап бара жатырмыз. Бір ғасыр бұрын Қазақстанға келген саяхатшылардың барлығы қазақтың рухани тұтастығына таң қалған екен. Ал енді бүгінгі кезде қазақ бір-біріне жат, бірін-бірі жек көрсе, қалай сонда біздің басымыз бірігеді. Адам баласының бастауы — бесік. Бесік деген ұрпақты, ұлтты бағып-қағудың ұятты қалыптастырудың, намысты тәрбиелеудің құндағы еді ғой. Қазір сол бесіктен ажырап қалдық.

***

Бесік баяғыда әр қазақтың төрінде тұратын. Біз мүлде басқа мәдениетті көшіруші рухани құлға айналып бара жатырмыз. Қазір қазақ өзінің қазақтығынан жеріп бара жатыр. Қазақтың өзі қазір үшке бөлініп алды. Шала қазақ, таза қазақ, араб қазақ. Тұтас ұлттың санасын қалыптастыратын ұлт қашан болады екен деген ой мазалайды да тұрады.

Бірақ қазір керек нәрселерді керек етпейтін қоғамдамыз. Адамдық деген нәрсе бізде аласарып кетті. Адамдық дегеніміз — табанынан жел көтерілсе, екі рулы елге сәлем бермейтін тоңмойындық емес, «сұңғыла болсам, сыртымды көр де ішімді біл» дейтін бітеулік емес, ыңырсып сөйлейтін зиялысымақ шенеунік емес, адамша өмір сүру. Кешегі бабаларымыздың өміршең өнегесін солардың бір ақуызын бүгініміз бен ертеңімізге емізе алсақ қой. Дәл осы бетімізбен кете берсек, қазақ қазақтығынан айрылады!

***

Біз сол өз бабамыздың қанын сақтап қалуымыз керек. Біз оны сақтап қалмасақ, ертең өзімізге таяқ болып тиеді. Есті ұрпақ келе жатыр, бірақ аз. Кейде көшедегі бірін-бірі аямаған жастарды көріп, батысшыл қатыгез ұрпақ келе жатыр ма деп қорқамын. Мейірім деген ұғымның шырағын сөндіріп алдық. Қазір немере бағып, бесік жырын айтатын ата-әже жоқ. Балаларымызды ертегімен елітіп отыратын әжелеріміз жоқ. Кезінде біз әжелеріміздің қойнында жаттық. Әже құшағында өскен бала мейірімді болады. Баяғыда нанның қоқымын тастатпайтын. Қазір көшеде қоқыстың айналасының бәрі нан. Осының бәрі жанымды ауыртады. Жыр жасыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді» деген қанатты сөзі бар. Қазақты жаңқа отқа жаққың келмесе, қазақтың дәстүрін сақта. Біз дәстүрімізді сақтамай, «дікс-дікс» еткен әуенге кеттік. Қазір жерге түсе алмай жүрген жұлдыздар бар. Халық рухани кездесуге зәру. Кешке дейін даңғыр-дұңғыр әуенді қосу идеологияның осалдығы ғой. Ал оларға не керек? Ақшасын алса, болды. Ұятты ойлап жатқан жоқ. Ертеңгі ұрпақ бетіме айтқан кезде ыңғайсыз болады деген нәрсе жоқ. Бүгінмен ғана өмір сүріп жатырмыз.

jasqazaq.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.