Бет терісіне пайдалы майлар
* Майсана майы
Кез-келген дәріханада еркін сатылатын бұл майдың 90%-н құрайтын рицинолеин қышқылы мимикалық әжімдермен күресіп, құрғақ теріні қоректендіреді. Оны күнделікті пайдалансаңыз, нәтижесін бір айда көресіз.
Қолданылуы: майды алдын-ала сәл жылытып алып жағу керек.
* Жожоба майы
Бұл май тереңдеп үлгерген майлармен де күресе алады және әсіресе қартайған және құрғақ бет терісіне жақсы әсер етеді. Құрамындағы Е дәруменінің табиғи антиоксиданты есебінен жожоба майы тері жасушаларын сыртқы әсерлерден жақсы қорғайды. Ол теріге тез сіңіп, көзге көрінбес ауа өткізбейтін жұқа қабат түзеді.
Қолданылуы: майды қоректендіргіш иісмаймен 1:4 мөлшерімен араластырып, маска түрінде жағу керек.
* Какао майы
Бұл майдың құрамындағы май қышқылдары, таниндер, метилксатин мен дәрумендер тері жасушаларын жаңартып, қоршаған ортаның кері әсерінен қорғайды, терінің құрғауы мен әжім түсуінің алдын алады.
Қолданылуы: какао майын ұйықтар алдында қоректендіргіш майдың орнына жағуға болады.
* Жүзім дәнінің майы
Аса қуатты антиоксиданттық қасиеті бар бұл май теріні керемет қоректендіріп, терең тазартады, әжімнің түсуіне бөгет болады. Оны тіпті өте майлы теріге жағуға да болады.
Қолданылуы: Тері құрғақ және өте құрғақ болса – жожоба, кокос, ши майларын, ал қалыпты теріге ештеңемен араластырмай жағуға болады.
* Кокос майы
Кокос майы теріні қоректендіреді, ультракүлгіннің (күн сәулесінің) зиянды әсерінен қорғайды, зат алмасу үдерісін жақсартады. Оны жаққанда, бетте көзге көрінбейтін жұқа қабат пайда болып, терінің барынша ылғалдануын қамтамасыз етеді және оның құрғауы мен әжім түсуіне бөгет болады.
Қолданылуы: майды ұйықтар алдында, алдын-ала ерітіп барып жағу керек.
* Зығыр майы
Биологиялық құндылығы жөнінен зығыр дәнінен дайындалған май көшбасшы орында. Оны үнемі қолданып жүрсе, ұсақ әжімдер тегістеліп, терінің тығыздығы артады.
Қолданылуы: зығыр майын көздің айналасына тигізбей, бетке және мойынның ашық жерлеріне жағып, 10 минуттан кейін жуып тастау керек. Зығыр майын күнде таңертең ашқарынға және жатар алдында бір ас қасықтан ішіп тұруға да болады. Нәтижесін көп өтпей-ақ көресіз.
* Зәйтүн майы
Құрамында әртүрлі май қышқылдары болғанына қарамастан, зәйтүн майы көздің айналасындағы тері күтіміне таптырмайды. Әсіресе тазартылмаған жоғары сұрыпты майлардың барлық пайдалы қасиеттері сақталады.
Қолданылуы: көздің аналасындағы майда әжімді кетіру үшін күн сайын көзге зәйтүн майына батырылған мақтаны қойып, 10 минут компресс жасау керек. Сондай-ақ, сұқ саусақтың ұшымен көздің айналасына массаж жасауға болады.
* Шабдалы майы
Мұндай компресті жасауға шабдалы майы да пайдалы. Оның құрамында май қышқылдары, дәрумендер мен минералдар өте көп. Сондықтан, ол теріні тығыз етіп, мимикалық әжімдерді тегістейді.
Қолданылуы: майды ұйықтар алдында көздің астындағы теріге жағады. Бұдан бөлек, майды қас пен кірпікке жағуға да болады, бұл олардың тез өсуіне ықпал етеді және түсуінің алдын алады.
* Бадам майы
Теріні ылғалдандырып, көздің астындағы қалталанған терінің қабынуын басуға және ұсақ әжімдерді тегістеуге көмектеседі. Оның құрамындағы белсенді заттар қартайып бара жатқан тері күтімінде таптырмайды.
Қолданылуы: күн сайын кешкісін әжімді теріге сіңіре жағып, жарты сағаттан кейін сіңбегенін мақтамен сүртіп тастау керек. Үстінен тағы жағуға болмайды, әйтпесе таңертең тері ісініп кетуі мүмкін.
* Шырғанақ майы
Негізінен құрғақ және ескірген теріге пайдалы. Ол ұсақ әжімді кетіріп қана қоймай, терең әжімдерді де едәуір тегістеп, салбыраған терінің тығыздығын қайтара алады.
Қолданылуы: шырғанақ майын таза күйінде қолдануға болмайды, оған Е дәруменінің бір капсуласын немесе кез-келген басқа майды қосу керек. Оны шектен тыс көп қолдану да қауіпті, әйтпесе ісік пайда болуы мүмкін.