ЕЛБАСЫ ҚОРЫ ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛАЛАРҒА ОРТАЛЫҚ ТАРТУ ЕТТІ

Нұрсұлтан Назарбаев «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамалары форумына қатысты. Форум барысында «Ел үміті» жеңімпаздарын марапаттау және Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында оңалту орталықтарының ашылу салтанаты өтті.

 

Форумға қатысушылар алдында сөйлеген Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет әрқашан бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге ерекше назар аударғанын атап өтті.

 

«Жастар жылы аясында дарынды балаларды қолдау мақсатында мен« Ел үміті »бастамасын ұсындым. Сонымен қатар, біз маңызды жоба — «Қамқорлықты» бастадық. Бүгін біз осы бастамалардың нәтижелерімен таныстық», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Онлайн түрде өткен шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сауықтыру орталығының тұсауын кесіп, Елбасының еліміздің дарынды жастарын анықтау және қолдау бойынша «Ел үміті» бастамасының жеңімпаздарын марапаттады.

 

«Елбасы медалі» бойынша бес бағытта көш бастаған Сарыағаш ауданының оқушысы Марғұлан Әділбек, «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жүлдегері, Жетісай ауданының  «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы Өтелбай Дәуірхан, Шымкент қаласындағы ер балаларға арналған лицей — интернатының оқушысы Шерхан Жамбеков арнайы медальдарға ие болды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Қамқорлық» оңалту орталығы Түркістан облыстық балалар ауруханасының тұсынан ашылды. АҚШ, Италия, Германия, Австрия және Ресей мемлекеттерінен әкелінген 100-ге жуық жаңа құрал – жабдықтармен қамтылған. Бас серіктес — «Самұрық Қазына» ҰӘҚ АҚ. Орталық Түркістан облысы мен Шымкент қаласының балаларын қабылдайды.

 

Тиімді емдеу тәсілінің бірі — ғарышкерлерге арналған сенсорлы киім. Сауықтыру орталығында «Тіркеуге арналған аудиометриялық модуль» орнатылған. Түркістан облысындағы алғашқы құрылғының көмегімен жаңа туылған нәрестелерден бастап, гиперкинетикалық сал ауруы және аутизммен ауыратын науқастарды зерттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бейне-электроэнцефалография кабинеті жұмыс істейтін болады. Бұл ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін таптырмайтын мүмкіндік.

 

Жалпы 500 шаршы метрді қамтитын орталықта  механотерапияға арналған жабдықтар, иппотерапияға арналған s-rider Sky тренажері, «Атлант» нейро-ортопедиялық пневмокостюмі, «Мультистенедер Дженкс» тренажері, жүруге және аяқ-қолдарға арналған тренажер, позициялық жүйелер, монтессори дамытушы тренажерлар жиынтығы мен қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған ойын терапиясы жиынтықтарымен жасақталған.

 

Орталықта білікті мамандар соңғы емдік әдістерді пайдалана отырып нейро-ортопедиялық бұзылулары бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіп, сауықтыру шараларын жүргізеді. 17 маман, оның ішінде реабилитолог, физиотерапевт, 5 ЛФК нұсқаушысы, неонатолог, невролог, логопед, дефектолог, психолог дәрігерлері жұмыс істейді. Мамандардың барлығы арнайы даярлықтан өткен.

 

Оңалту курсы 21 күнді құрайды. Мұнда жылына 360 баланы сауықтыру жоспарлануда. Ерте даму орталығындағы кешенді емі мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және ақыл, дене жағынан дамып жетілуін қалыптастыруға септігін тигізеді. Атап айтқанда, қозғалыс пен сөйлеудегі көрсеткіштерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

 

«Қамқорлық» бастамасы — ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қам-қарекет. Инклюзивті қоғамды дамыту – мемлекет пен қоғам алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі. Қазақстанда ерекше білім алу қажеттілігі бар 153 000 бала бар.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.