Гайола – ғажап та қанiшер арал
Неаполитан бұғазында, Италияның Кампания аймағының жағалауында Гайола деп аталатын қосарлы арал (тар тас көпірмен жалғанған екі жарты арал) бар. Аралдың ғажайып табиғаты, керемет жағажайы мұнда саяхатшыларды көптеп тартады. Әсіресе, жағалаудан жүзіп баруға болатын шағын арал – Гайоланың құпиясына қызығушылар тіпті де көп…
Гайола аралының тылсым сырын ондағы үлкен әрі әдемі жекежай да еселей түседі. Өйткені, бұл жекежай осындай ғажайып жерде орналасқанына қарамастан, онда ешкім тұрмайды. Неге?
Итальяндықтардың өзі, яғни Кампания аймағының жергілікті тұрғындары бұл жерді қарғыс атқан деп есептейді. Аңыздарға сенсек, Гайолада ерте замандарда бір сиқыршы тұрған екен. Ол ешкіммен араласпай, аралда өсетін өсімдіктер мен жемістерді ғана талғажау етіп өмір сүріпті. Бір күндері сиқыршы өз-өзінен жоғалып кетеді, оған не болғанын ешкім білмейді. Содан бері бұл аралға барған басқа адамдар да тірі қайтпайтын болған…
Уақыт өте келе бұл жағдай ұмытылып, әлдебіреу аралға қоныстануды ұйғарады. Сөйтіп, Гайолаға үлкен де әдемі жекежай салады. Өкінішке орай, жекежай қожайынының есімі елдің есінде сақталмапты. Есесіне оның көп өтпей түсініксіз себептермен ажал құшқанын ұмытпаған…
Мұны да кездейсоқ өлімге жатқызуға болар еді, алайда бұдан кейін де түсініксіз ажалдар тізбегі толастай қоймайды. Жекежай қожайыны өмірден өткен соң, оның мұрагері ретінде аралға келіп қоныстанғандардың ешқайсысы да ұзақ тұрақтамай, бірінен кейін бірі әртүрлі себептермен бұл дүниемен қош айтысып кете барады. Осыдан кейін Гайолаға батылы барып табан тигізетіндердің қатары күрт азаяды.
Бірақ, мұның бәрі байлық пен жастықтың буына піскен Ханс Браун есімді дәулетті жігітті қорқыта қоймайды. 1920 жылы аралды сатып алысымен жас зайыбымен бірге жекежайға келіп қоныстанған ол бақыттан басы айналып, бар өмірін жан жарымен бірге осы жұмақ аралда өткізеріне сенімді болады. Бірақ… Бірде Ханстың жас әйелі әлдебір жұмыстарымен құрлыққа барып келеді. Қайта оралғанында, сүйіктісінің өлі денесін табады. Бір қызығы, Ханстың мәйіті кереуеттің алдындағы кілемге мұқият оралып қойылыпты. Осыған қарап біреу өлтірген дейін десе, денесінен ешқандай зорлық-зомбылықтың ізі байқалмайды. Ал бір аптадан кейін бұғаздың суынан жекежай қожайынының жас жесірінің де мәйіті табылады…
Бұдан кейін қарғыс атқан аралға қоныстануға ешкімнің жүрегі дауалай қоймайды. Ақыры ешқандай қиял-ғажайып оқиғаларға сенбейтін тағы бір жүрекжұтқан табылады. Отто Грунбак есімді бұл неміс азаматы жекежайға көшіп келген соң көп өтпей-ақ жүрек талмасынан көз жұмады…
Гайола туралы ойдан шығарылған мұндай қорқынышты аңыз-әңгімелерге күле қарайтын тағы бір адам – Морис Сандоз аралға келісімен… өз-өзіне қол жұмсайды. Білетіндердің айтуынша, Морис Сандоз өмірге ғашық адам болған, сондықтан оның өзіне өзі қастандық жасауы мүмкін дегенге ешкім ешқашан сенбес еді…
Гайоланың соңғы қожайыны Фиат Джанни Аньелли деген біреу жекежайда қону былай тұрсын, аралдың өзіне аяқ басуға да батылы бармапты. Оның айтуынша, бұл жекежайға ие болғалы оның отбасының басынан қасірет арылмай қойыпты. Айталық, аралды сатып алысымен Аньеллидің ұлы асылып өлсе, оның ізін ала жиені қатерлі ісіктен көз жұмады, өміріндегі бұдан басқа сәтсіздіктері де жетіп-артылады. Ақыры бұл арал Кампания аймақтық округінің қарамағына беріледі, ал ондағы жекежай қараусыз қалады.
Бір кездері сән-салтанаты асқан, қазір де аздап жөндеу жүргізсе жайнап кеткелі тұрған жекежай болмашы ақшаға сатылымға қойылса да, оған ешкім қызығушылық танытпай отыр. Бұл аралды керемет туристік базаға айналдыруға болатынына көзі жетіп отырған кәсіпкерлердің өзі де өмірін бәске тігуге асыға қояр емес…
Дайындаған Б.КЕМЕЛ