КЕЛЕСТЕ БИЫЛ 600 ОРЫНДЫҚ ЖАЙЛЫ МЕКТЕП ПЕН СПОРТ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапары барысында Абай ауылында бой көтеріп жатқан спорт нысанының құрылыс алаңында болды. Онда жүргізіліп жатқан жұмыс барысын бақылап, мердігермен кездесті.

– Әр аудан, қаладағы ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұр. Спорт нысаны жоспардағыдай салынып жатыр. Осы қарқында жалғастырыңыздар. Бұл нысанда жастар спортпен шұғылданады. Дені сау ұрпақ – болашаққа салынған басты капитал, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС жүргізуде. Жалпы аумағы – 0,50 га. 2023 жылы басталған құрылыс жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Одан бөлек, өткен жылы Келес ауданы, Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық білім ұясының құрылысы басталған. Ауданға іссапары барысында облыс басшысы Дархан Сатыбалды мектептің құрылыс қарқынын көрді.

Білім ордасы «Samruk-Kazyna» АҚ тапсырысымен салынып жатыр. Мұндағы құрылыс жұмыстарын «КДСМ» ЖШС жүргізуде. Жер көлемі – 3,85 га. Жоба құны – 5,6 млрд теңге. Нысанды биыл аяқтау көзделіп отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100 мектеп салу жоспарланған. Оның 63-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеруде.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.