Керi ағымдарға қарсы насихат күшейтiлуде

Бүгінгі уақыт талабына орай жастарымыз діни сауатты, кереғар ағымдардың теріс ниетінен хабардар болуы тиіс. Өйткені өскелең ұрпақ ізгілік пен адами асыл қасиеттерді насихаттайтын, адалдық пен тазалыққа шақыратын Ислам дінінде ешқандай терроризм жоқ екендігін біліп өскені дұрыс. Өңіріміздегі қоғамдық бірлестіктердің бастамашылдығымен ұйымдастырылып жатқан кездесулерде де бұл мәселе тереңірек талданып, жат ағымның жастарға тигізер зардабы түсіндіріліп келеді.

Бүгінде Түркістан қаласы тұрғындары арасында да кері ағымдардан сақтануға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары жиі жүргізіліп келеді. Күні кеше ғана, 22 қазанда Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Даму» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты №14 жалпы орта мектебінде «Түркістан қаласы тұрғындары арасында кері ағымдардан сақтануға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге теолог мамандар Ө.Бердуали мен Б.Нұриддинов қатысып, кереғар діни ағымдардың қауіптілігі, әлеуметтік желілерде діни материалдар таратпау керектігі туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Кездесуге мектеп директоры К.Піралиев, мектеп мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары қатысты. Аталған жиында сондай-ақ діннің жастар тәрбиесінде алар орны талқыланып, елімізде тыйым салынған дәстүрлі емес діни ағымдар жайлы да мәліметтер берілді. Қазір жат ағымдардан қорғану, діни экстремизмнің  алдын алуға жұмыстары жалғасу үстінде.

Ал «Даму» жастар қоғамдық бір­лестігі сондай-ақ Түркістан қаласындағы № 2 Хамза атындағы жалпы орта мектебінде де кереғар ағымдардан сақтауға бағытталған кездесуді сәтті өткізіп, бұл шараға да жоғарыда аталған дінтанушы мамандар қатысып, баяндама оқыды. Осы тұста мектеп мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары қатысқан кездесудің өз деңгейінде ұйымдастырылуына мектеп директоры З.Мұхамеджанов мырзаның айтарлықтай үлес қосқанын айтуымыз керек.

Сондай-ақ бұл жиында ғаламтор желісінің жас буынға әсері мен Ислам дінін бұрмалайтын және теріс бағытқа бастайтын сайттардың ақпараттық экспансиясына лайықты тосқауыл қою мәселесі де орынды көтерілді. Яғни осындай шаралар арқылы біз Исламды насихаттаушы кейбір күмәнді сайттардың қоғамға жағымсыз жағынан ықпал жасап отырғандығына жастардың көзін жеткізуіміз керек-ақ.

Жалпы әлеуметтік желіні пайдаланушылар арасында Ислам дінінің қарсыластарының құрған тұзақтарына ілініп, теріс бағытқа бет бұрған азаматтарымыз жыл санап көбейіп келеді. Олардың Ислам дінін қоғамға, жалпы бүкіл әлемге төнген қауіп-қатер ретінде қабылдайтыны да өте өкінішті.

Елбасымыз да сол себепті бұл күрделі мәселені үнемі назарда ұстап, өз Жолдауларында да ел қауіпсіздігін күшейтуге баса мән беріп келеді. Демек, «терроризм мен экстремизм» деген ғасыр іңдетімен күресті жандандыра түсу керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады», — деп атап өткен болатын. Былайша айт­қанда, елімізде қазіргі таңда ғаламтор мен әлеуметтік желіні экстремистік әрекеттерді, дінге жат идеологияны насихаттау құралы ретінде пайдаланатын лаңкестердің жолын алдын ала кесіп, нақты тойтарыс беру жұмыстары айқындалған.

Осындай іс-шаралардың бірі жуырда «Ақ сүңгі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданында өтіп, кездесуге облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы М.Халықов қатысып, жастарға кереғар ағымдар туралы ақпарат берумен бірге, жастар тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға да жауап берді.

Жасөспірімдер арасында деструк­тивті ағымдардың ықпалының алдын алу мақсатында ақпараттық -түсіндірме жұмыстарын жүргізген дінтанушы маманға жиынға жиналған жұртшылық өз алғыстарын айтып, тағылымды шаралардың жалғаса беруіне тілектестік білдірді.

 

Дайындағандар: А.ҮСІПОВ, Ұ.ӨСКЕН.

«Қазақстан жолы» газеті, №40 (685) 27.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.