Конфессияаралық келiсiм – кемел келешек кепiлi

Елімізде тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында дінаралық татулыққа, конфессияаралық келісімге қол жеткізілді. Яғни татулықтың тал бесігіне, тұрақтылықтың темірқазығына айналған мемлекетіміздің діни наным-сенім бостандығын қамтамасыз етуде қол жеткен табысы жетерлік. Шындығында қоғамда діни ахуалдың тұрақты болуы, сан түрлі діни конфессия өкілдерінің берік ынтымақтастығын сақтау ел болашағы үшін маңызды. «Ырысты елден ынтымақ кетпейді» дегендей, біз үшін конфессияаралық диалогты, ұлтаралық татулықты ұдайы насихаттау назардан түспеуі тиіс. Олай болса, өңіріміздегі «Рухани келісім күні» мерекесінің аталып өтуіне де барынша қолдау көрсетіп, белсене атсалысып, конфессияаралық келісімді насихаттауға әрбіріміз өз үлестерімізді қосқанымыз жөн болады.

Осындай мерекелік жиын таяуда Мақтаарал ауданында да өтті. Іс-шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Саттаров, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Тұрсынханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров және діни бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Жиынды аппарат басшысы Н.Саттаров жүргізіп: «Халықаралық Рухани келісім күні алғаш рет 1992 жылғы 18 қазанда өткізілді. Содан бері бұл күн–Қазақстандағы әлеуметтік маңызды күндердің бірі. Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі. Тұтастай алсақ, діни ахуал тұрақты. Ауданда діни негіздегі жанжалдар және діни экстремизм мен конфессияаралық алауыздық деректері тіркелмеген. Қазір ауданда 27 діни бірлестік бар. Олардың жетекшілері Елбасымыз бен Үкіметтің саясатына, жергілікті атқарушы органдардың бастамаларына оң көзбен қарайды», — деді.

Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі басшысының орынбасары П.Есенбековтің мерекеге арналған хабарламасы тыңдалып, аудандық діни бірлестіктердің жетекшілері «Рухани келісім күніне» арналған баяндамалар оқыды.

Жиын соңында мерекеге арналған аудан әкімінің сый-сияпаттары табысталып, діни бірлестіктердің жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталды.

Дайынддаған: Е.Тажиев

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.