ОҚО әкімі Ж.Түймебаев Өзбекстанның үш облыс әкімімен меморандумға қол қойды

ОҚО әкімі Ж.Түймебаев Өзбекстанның үш облыс әкімімен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасында мемлекеттік сапарының аясында маңызды келіссөздер жүргізіліп, бірқатар келісімдерге қол қойылды. Өзбекстан елімен шекаралас Оңтүстік Қазақстан облысы үшін де бұл сапардың орны ерекше болды. Сондықтан да қазақстандық ресми делегацияның құрамында ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты.

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында әріптестік байланыс арта түсті. Мәселен, биылдың өзінде бекеттер ашылып, екі елдің арасында жаңадан поезд бен автобустар қатынап, кедендегі бірқатар акциздік төлем алынып тасталды.

Бұл жолғы Мемлекет басшысының жұмыс сапырында да  10 ма­ңыз­ды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде екі ел Президентінің қатысуымен Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Ташкент облысының хокимы Бабаев Шукурулло мен Сырдария облысының хокимы Ашурматов Ойбек және Джизак облысының хокимы Исмолилов Сайфуддин арасында сауда-экономикалық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы өзара тү­сіністік туралы меморандум түзілді.

Сонымен қатар, Елбасының көрші елге жасаған сапары аясында ұйымдастырылған екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақ-өзбек бизнес-форумы өтті. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретін кездесуге қазақстандық 300-ден астам кәсіпкер қатысты. Іскерлік кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысынан өңір басшысы бастаған 150-ден астам кәсіпкер қатысты.

Екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы жанданған іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық туралы 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша құны 1,2 млрд АҚШ долларын құрайтын бірнеше келісімдер түзілді. Сондай тиімді келісімдердің біріне еліміздегі 200-ден астам дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акционерлік қоғамы қол жеткізді. Елдегі осы саладағы жетекші кәсіпорын бұған дейін көрші Қырғызстан Әзербайжан, Түркіменстан, Монғолия сынды елдерге өз өнімдерін экспорттап келген болса, енді міне Өзбекстанға өз өнімін шығармақ.

 

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.