ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ АРЫСТАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТЫ МЕРЗІМІНДЕ АЯҚТАУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Арыс қаласында қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша аппараттық жиын өтті. Басқосуға еліміздің барлық облыстарынан келген Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына жауапты өкілдері, Түркістан облыстық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік мамандары қатысты. Жиында Арыс қаласындағы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмектің жай-күйі талқыланды. Облыс басшысы барлық құрылыс нысандарының дер кезінде аяқталуын тапсырып, құрылыс сапасына баса назар аудару керектігін қадап айтты. Басқосуда сөз алған құрылысшылар жұмысқа кедергі келтіріп жатқан бірқатар мәселелерді сөз етті. Олардың айтуларынша, Арыстағы бірнеше үй иелері сараптау қорытындысымен келіспей отыр. Тұрғындар үйлерін күрделі жөндеудің орнына түгел сүріп тастауды талап етуде. Мұндай азаматтарға алдын ала ескертулер жасалған. Сондай- ақ, құжаттарды заңдастыруға қатысты кей қиыншылықтар да белгілеген мерзімнен кешігуге сеп болуда деді сектор жауаптылары.