ӨҢІР СПОРТЫНДА СЕРПІЛІС БАР

Салауатты ұлт болудың басты тетігі – спортты дамыту. Ол адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Егеменді еліміздің шежіресіне спортшыларымыздың қосқан үлесі де қомақты. Спорттың сан түрінен бүгінде Түркістан облысының тарландары да топ жарып жүр. Қайсарлығымен қазақты әлемге танытып, жігерлілігімен жаһан жұртын сүйсіндіріп жүрген сайыпқырандарымыз – ел мақтанышы. Өңір спортын өрге сүйреп жүрген де солар. Жастарымыздың алғашқы спорттық жетістіктері де марқайтады. Демек таяу болашақта еліміздің әлемнің үздік спорт державаларымен тең дәрежеде бәсекелесе алатынына да үміттенуге болады деп ойлаймыз. Өйткені биылғы жылдың өзінде өңір спортшылары айтулы додаларда талай мәрте абыройымызды аспандатты.

Айталық Қырғызстанның Ош қаласында у шу саньдадан қыркүйек айында өткен әлем чемпионатында облыс спортшылары 2 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді.

Яғни Бекнұр Бекжанұлы 75 келі, Еркебұлан Әмірғазиев 80 келі салмақта 2-орынға қол жеткізсе, Нұрбақыт Айтмұқаш 65 келіде, Еркебұлан Тұрды 75 келі салмақта үздік үштікті түйіндеді.

Олардың бәрі де облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің түлектері. Жалпы өңір спортшыларын дәріптеп, қолдап-қуаттау да дұрыс жолға қойылған.

Мәселен, Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов Украина астанасы Киев қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Акбар Елубайұлын қабылдап, оңтүстіктің жаужүрек жас өреніне алдағы уақытта спортта үлкен биіктерді бағындыруына тілектестік білдіре отырып, өз атынан сый-сияпат жасап, Алғыс хатпен марапаттағаны есімізде.

– Украинада еліміздің Әнұранын шырқаттың. Сенің жеңісің біздің зор мақтанышымызды туғызды. Алдағы уақытта спортта үлкен биіктерді бағындыруыңа тілектеспін. Денің сау, отбасың аман болсын, -деп ыстық ықыласын жеткізген аудан басшысы жеңімпазға табыс тіледі.

Акбар Елубайұлы – еркін күрестен ҚР-ның үш дүркін жеңімпазы, Азияның күміс жүлдегері. Сондай-ақ,  спорттың ММА, панкратион, джиу-джитсу түрлері бойынша ҚР чемпионы, спорт шебері.  «Толағай сұлтаны – 2019» байқауының бірінші орын иегері.  33 келі тартатын муляжды 2019 рет көтеріп, Қазақстанның рекордтар кітабына да есімі енгізілген. Негізі өңірде мұндай жас талаптар өте көп.

Солардың бірі – Түркияның Адана қаласында жекпе-жектің джиткундо түрінен жастар арасында әлем чемпионы атанған Нұрболат Ақылбек.Ол осы спорт түрінен 22 жылдан бері бір салмақта екі профиль бойынша қарсылас шыдатпай келеді.

Нұрболат 2003 жылы Келес ауданында дүниеге келген. Алдымен 8 жасынан бастап боксқа қатысқан, кейін джиткундоға ауысты. Білікті жаттықтырушы Бекзат Жалалдан тәлім алған Нұрболат биыл панкратион спорты бойынша 84 келі салмақта облыс чемпионы атанды. Алматы қаласында өткен ушу саньда спортынан 85 келі салмақта ел біріншілігінде озық шыққан спортшының болашағынан сала мамандары зор үміт күтіп отыр.

Спорт демекші, рухани астанада бүгінде заманауи спорт ғимараттары да талапқа сай тұрғызылуда. Мысалы қалада әлемдік стандарттарға сай салынып жатқан теннис орталығының жер аумағы 2,5 гектарды алып жатыр.

Теннис орталығы 7 ашық теннис кортынан, көрермендерге арналған жиналмалы орындықтар, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңынан тұрады.

«Құрылыс барысында әр қадам маңызды. Әсіресе, сапаға салғырт қарауға жол бермеу керек. Жаңадан салынып жатқан барлық спорт нысандарына талап осы. Халыққа ыңғайлы, сапасы мінсіз болуы тиіс. Бұл жерде ертең балаларымыз жаттығып, шынығады. Балаларды, жасөспірімдерді ерте жастан спортқа баулу арқылы біз келешек ұрпағымызды тәрбиелейміз», -деген облыс әкімі де жаңа орталықтағы жұмыс барысын аралап көріп, оң баға берді.

Облыс әкімі сондай-ақ спорт кешендері бар есу каналының құрылыс алаңында да болып,елімізде баламасы жоқ спорт кешендері бар ескек есу каналы халықаралық талаптарға сай олимпиадалық орталыққа айналатынына сенім білдірді. Бұл нысан су спорты түрлерін дамытып, Түркістан қаласында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге сеп болады. Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасқан. Каналдың ұзындығы – 2222 метр, ені – 260 метр, тереңдігі 4 метр.

Осы тұста спортшы жастарымыз турасындағы сөзімізді ары қарай жалғар болсақ, Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылдық округінің Қызылжар ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жасөспірімдер арасында бокстан V республикалық ашық турнир өтті. Дәстүрлі турнирге Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарының, Шымкент қаласының және Түркістан облысының аудандарынан 27 салмақ дәрежесі бойынша 170 жасөспірім қатысып, жүлдегерлерге Алғыс хаттар, медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Ал Шардара қаласында ұйымдастырылған ересектер арасындағы қазақ күресінен облыстық спартакиадада өңіріміздің әр аймағынан келген 12 команда бақ сынады. Жарыста шардаралық балуандар 3 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлдені иеленді.

55 келі салмақта Саят Чапай, 82 келі салмақта Руслан Аллаберді, 100 келі салмақта Қайсар Шамшидинов спартакиада жеңімпазы атанса, 90 келі сал-мақта Зейін Бейсенбай мен 100+ келі салмақта Кенесары Орынбасар күміс жүлдені олжалады. 60 келі салмақта Азамат Айдынғали, 66 келі салмақта Қабылбек Нұрманов, 74 келі салмақта Мұса Мекенбай қола жүлдегерлер қатарына енді. Жарыстың «үздік спортшысы» атағын Мұса Мекенбай еншіледі.

Жалпыкомандалық есепте І орынды Шардара ауданының, ІІ орынды Отырар ауданының, ІІІ орынды Ордабасы ауданының балуандары алды.

Мұнан бөлек Түркістанда мұз айдыны салынуда. 2 гектар жерде орналасқан әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Заманауи кешен 2022 жылдың соңында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ өңір басшысы «TURAN» футбол академиясының құрылыс барысымен танысты. Бұл футбол академиясының инфрақұрылымы әлемдік стандарттарға сай әрі мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтары спортшыларына жасалатындай жағдай қолға алынатын болады.

Сонымен бірге Түркістан қаласында салынып жатқан ат спорты кешені де ұлттық спортты ұлықтауға қызмет етпек. 35 гектар жерде орналасқан кешенде поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы салынады.

Жастар – ел болашағы. Спортты серік еткен жас өрендер ел біріншілігінде де жүлдесіз қалған емес. Айталық Ордабасы ауданындағы «Төрткүл» жалпы орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Әуелхан Ботабайдың шәкірттері Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» Нұр-Сұлтан қаласында волейболдан ұйымдастырған «Мектеп лигасы» жарысында жеңіс тұғырынан көрінді.

Төрткүлдік волейболшылар өз тобында Алматы, Батыс Қазақстан облыстары және

Нұр-Сұлтан  қаласы командаларынан басым түсіп, жартылай финалда «Нұр-Сұлтан-1»  командасын қапы қалдырса, ақтық сында Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының ойыншыларын ұтты.

Төрткүлдіктер 2015 жылдан бері «Мектеп лигасы» турнирінде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Алматыда өткен турнирде қатарынан 2 рет күміс, Шымкентте өткен турнирде алтын медаль иеленген олар Семейде өткен додаларда да күміс, алтын медальдарды қанжығаларына байлаған.

Ал Түлкібас ауданындағы А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейдің оқушылары Көкшетау қаласында өткен республикалық жарысқа Түркістан облысы атынан қатысып, екінші орыннан көрінді.

Қостанай қаласындада өткен 2008-2010 жылы дүниеге келген өрендер жарысында да түлкібастықтар тегеурінділік танытып, бірінші орынға лайық  екендіктерін тағы да дәлелдеді. Аудан атын асқақтатқандар арасында Даниал Нұркенұлы, Нұрсұлтан Зейдалы және Ақниет Уйнар бар. Сонымен бірге футболдан жасөспірімдер арасында өткен «Түркістан кубогінде» күміс жүлдегер атанған Түркістан облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің шəкірттері де шыңдалып келеді. Өз кезегінде Түркістан облысы əкімінің орынбасары Сəкен Қалқаманов пен облыстық футбол федерациясының президенті, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев жас футболшыларды жетістіктерімен құттықтап, арнайы дипломдармен марапаттап, алдағы дүбірлі додаларда сәттілік тіледі.

Сондай-ақ Түркістандағы Оқушылар сарайында жасөспірімдер арасында аймақтық шахмат турнирі өтіп, турнирде Түркістан және Кентау қалаларының елуден астам жас шахматшылары бақ сынады.

Сайыс нәтижесінде қыздар арасында Кентау қаласы атынан қатысқан Гүлсезім Оразбай,  I орынды, Медина Исаева мен Гауһар Ораз екінші, үшінші орындарды жеңіп алды.

Ұлдар арасындағы бәсекеде Түркістан қаласының жас шахматшылары қара үзіп шықты. 1-орынды Еркебұлан Ерболатұлы, 2-орынды Медет Қанжарбай, 3-орынды Діннұр Жарас иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді. Оған қоса Алматы қаласында жастар және жасөспірім қыздар арасында бокстан өткен ел біріншілігінде Түркістан облысынан 31 спортшы қатысып, Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен Гаухар Шайбекова мен Делфина Әбілхан, Айда Сарибарова 1-орын иеленіп, абыройымызды асқақтатты. Гаухар Шайбекованы тәжірибелі бапкер Нұржан Шымырбеков жаттықтырса, Делфина Әбілханды Серік Абдулла баптайды. Сондай-ақ, Ержан Оспанбаевтың шәкірттерінің де аяқ алысы жаман емес.

Ал Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернат-колледжінде каратэ-до спортынан облыс біріншілігіне іріктеу турнирі өтіп, жас ерекшеліктері бойынша 12-13 жас пен 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдер жекпе-жектер өткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернат-колледжінің шәкірттері иеленсе, екінші орын Түркістан облысының №1 олимпиадалық спорт мектебінің командасына бұйырды. Қола жүлдені Сайрам ауданынан келген «Қарасу» спорт клубының жастары олжалады.

Тағы да бір айта кетерлігі, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес «Ұлттық мектеп лигасы» аудандарда жалғасын тауып жатыр. Тарқата айтқанда, Түркістандық спортшылар үшін биылғы жыл табысты жыл болғалы тұр. Ендеше өңір спортын өркендете түсіп, өрендеріміздің жеңісті жолды келер жылы да жалғай түсетініне сенім артамыз.

А.Қадырқұл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.