Сальма Хайек: Әр секунд қымбат!
Латынамерикандық актриса Сальма Хайектің жасы 50-ден асты. Бірақ, оған 40 жастан көп бере алмайсың. Оның әлі сыны мен сымбатын жоғалтпаған, өзіне сенімді, тартымды болуының сыры неде? «Сұлулық екпелерінің» арқасы ма? Әлде әйгілі диетологтар, нұсқаушылар, визажистер мен стилистердің еңбегі ме? Бәлкім, бағасы удай қымбат иісмайлардың әсері шығар? Жоқ, Сальманың айтуынша, мүлде олай емес. Ендеше, әйгілі актрисаның жастық сұлулығын сақтау құпияларына құлақ түріп көрейік.
* Менің жаттығу залына баруға уақытым жоқ, бірақ менің әрбір күнім белсенді қимылға толы. Мен үшін әр секундым қымбат. Мен тіпті тісімді жуып тұрып та денемді әрі-бері қозғап тұрамын. Немесе баспалдақпен арқамды артқа беріп көтерілемін. Бұл жүрісіңді жақсартып, мүсініңді реттейді. Бір сөзбен, әр мүмкіндікті қалт жібермеймін.
* Тері күтіміндегі ең басты ереже – ұйықтар алдында міндетті түрде бетті жуып жату. Егер мен күні бофына бетіме бояу жақпаған болсам, жай ғана түймедақ сығындысы қосылған сұйықсабынмен жуынамын. Ал егер бетімде бояу болса, гидрофильді маймен кетіремін, ол теріні терең тазартады.
Екінші ереже – таңертең бетті жуғанда ешқандай тазарту құралын пайдаланбау. Түнде ұйықтағанда тері күні бойы жоғалтқанын өзі қайта қалпына келтіреді. Ал таңертең жай ғана сумен жуынып, күндізгі иісмайды жақсаңыз жетіп жатыр. Барлық нәрседе қарапайымдылықты бағалаңыз.
* Теріге түнге арналған иісмайды жағудың қажеті жоқ. Бүлінген нәрсенің бәрін реттеуге терінің өзінің де шамасы жетеді. Артық «көмекшінің» оған қажеті жоқ. Әйтпесе, терінің табиғи қызметін бұзып аласыз.
* Мен сүйек сорпасын жиі қайнатамын. Сорпаға бір кесе алма шырынынан жасалған шарапты қосып, осы қоспаны күнде ішемін. Ол денсаулыққа да пайдалы және жастығыңды да сақтайды. Соның арқасында мен теріме ботокс ектірмеймін. Мен тіпті ботокстан қатты қорқамын.
* Мен күнде сәбіз және алма шырындарын ішуге тырысамын. Тек шырын дүкендікі емес, қолдан жаңа сығылған болуы керек.
* Менің шаш күтіміне арналған өз әдістерім бар, бірақ, әркімнің шашы әртүрлі, сондықтан менің әдісім өзгелерге тура келмеуі мүмкін. Қалай болғанда да барлық майлы өнімдер шашқа пайдалы. Мысалы, майонез немесе жұмыртқаның сарыуызы, кокос майы, т.с.с. Шашты жылтырату үшін алма сіркесуымен шаюға болады.
* Жақсы макияж – айналадағылардың көзіне баттиып көрінбейтін макияж.
* Суға түсер алдында мен денемді құрғақ ысқымен қызарта ысқылап алғанды жақсы көремін. Бұл қан айналымын жақсартып, өлген тері жасушаларын тазартуға көмектеседі.
* Бетке арналған массаж да өте маңызды. Бетке иісмай жаққан соң, мен терімді шапалақпен ұрғылап, негізгі нүктелерін басамын.
* Мен шектен тыс көп тамақтанып қойсам, шырынмен ішімді тазарту арқылы сымбатымды қалпына келтіре аламын. Менің ас мәзірімнің негізін жемістер мен көкөністер құрайды. Сосын бадам сүтін ішемін. Бұл теріге де пайдалы.
* Мен дәмді тағамдар мен шарапты жақсы көремін. Сән саласында жүргендер үшін бұл жақсы емес. Бірақ, мен тамақтанғанда өзімді бақытты сезінемін. Жасым біразға келсе де, жасартқыш дәріге жүгінбеймін. Неге екенін білесіз бе? Өйткені, мен дұрыс тамақтанамын! Мен майды да, көкөністі де, бәрін жей беремін! Бірақ, шамасымен. Егер сіз көп жаттығып, аз тамақтанатын болсаңыз, теріңіз сальбырап, тез қартаятын болады. Нағыз бақытсыздық деген сол! Сондықтан, тепе-теңдікті сақтау керек.
Дайындаған Б.КЕМЕЛ.