Сананы панарабистiк идеологиядан арылтайық!

Ислам дінінің мәйегі қасиетті Құран Кәрімнің «Хұжұрат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің–тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» делінген. Аятта анық көрсеткендей, адам баласын бір атадан жаратып, түрлі ұлыстарға бөлудің хикметі олардың дәрежелерін бір-бірінен арттыру емес, бірін-бірі танып білулері үшін көрсетіп тұрғанын байқауға болады. Әрі қарай аяттың екінші бөлігінде «Аллаға жақындарың–тақуаларың» деп айқын әрі ұғынықты етіп көрсетіп береді. Яғни араб болғаның үшін емес, тақуалығың үшін Аллаға жақындай аласың дегенді меңзейді. Технология дамып, ғылым қарыштап өсіп жатқан заманда араб ұлтын қазаққа ұстаз етіп жүрген топтар араб тарихы мен ислам тарихының парқына жете алмай, араб дәстүрінің көлеңкесінде қалып қойған дүмше діндарлар. Мұндай адасушы топтар араб халқы болмаса ислам діні жер бетіне жайылмайтындай есептейді.

Тарих куә, ислам дінін жер бетіне таратуда арабтардың емес қазақтың түб атасы–батыр түріктердің алар орны ерекше. Орта Азия мен Балқанға, Солтүстік Африкаға дейін ислам дінін таратып, жабайы халықтарды мұсылман еткен түріктер екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Арабтар болса араб түбегінен әрі аспай, құмды далада өзара жанжалдасып жікке бөлініп кетті. Мақтаныш ететіні, араб атының тұяғы Пиринейге дейін жетіп, Батыс Еуропада Кордова халифатын құрғанымен, ХІ ғасырда халифаттың тас-талқаны шығып, христиандардың қолына өтіп кетті. Парсы шығанағы мен Кавказ аймақтары халифалыққа талас барысында өзара жауласып, шииттік сектаға бөлініп кетті. Соның салдарынан қазірге дейін өздерін мұсылман санайтын шииттер суннитермен біріге алмай отыр.

Арабтар кикілжіңге құмар, біртұтастықты қолда ұстай алмайтын халық екенін тарих дәлелдеп берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өте салысымен халифалыққа таласып, пайғамбарымыз жұмақпен сүйіншілеп кеткен хазіретті халифа Османға он үш түрлі жала жауып, Әлиді кәпір деп айыптап, қастандықпен өлтіреді. Әзіз сахаба Абдулла ибн Хубабты қастандықпен өлтіріп, жүкті әйелінің қарнын аяусыз ақтарып тастайды. Ислам тарихында өзара жікке бөлініп, шынайы мұсылман мемлекетін құрамыз деген жалған ұранмен сахабаларды қырғынға ұшыратқан екі үлкен қанды оқиғаны жасайды. Бұл шайқастар тарихта Жамал және Сиффин деген атпен қалғаны белгілі. Бұдан бөлек екі саяси топтың ымырасыздығынан пайғамбарымыздың сүйікті немересі Хусейінді Кербала қаласында азаптап өлтіреді. Осындай қанды оқиғаларды жасап, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немересін өлтіруден тайынбаған қатігездікті үлгі етуіміз сауатсыздықтан басқа ештеңе де емес. Тұтас­тыққа жаны қас, бүлікке құмар араб халқы бүгінге дейін «тура дін ұстану» мен «халифа орнату» сынды жалған ұранмен өзара қырық пышақ болып шиит, ғулат, алауит, зейдит, муғтазалия,мүржия, жахмия, имамия, исмаилия, қадария, харажит, уаһабия, хизбут-тахрир, таблиғ, тәкфир уәл хиджра, мадхали, сурури сынды түрлі жамағаттарға бөлініп кетті.

Мұсылмандар әлемінде пайда болып жатқан осындай діни, саяси топтардың барлығы дерлік араб мемлекеттерінен араб тілділер арасында ортаға шыққан, бұл процес бүгінге дейін үздіксіз жалғасып келе жатыр. Бүлікке бір қадам жақын арабтар халифат үшін келісім шартты бұзып дінді өзгертуге дейін барады. Мысалға Сауд ұрпақтары билік құрып отырған Арабстанда ресми мазһаб ағылшындарға қызмет еткен Абдул Уаһабтың идеологиясына негізделген, және бұл идеология араб сахарасына күштеп енгізілген. Себебі Сауд ұрпақтарының билікке келуіне бірден-бір себепкер ағылшын отаршылдарына қызмет еткен Абдул Уаһабтың ықпалы болған. Абдул

Уаһабтың діни сенімі мен шариғи ұстанымы ислам әлемі мойындаған төрт мазһабпен үйлесім таппайтын бесінші мазһаб болып табылады (Асылында 5-мазһаб жоқ).

Қазіргі кезде тілі мен діні бір араб халықтары 22 мемлекетке бөлініп кеткен. Бір тілде сөйлеген бірнеше араб елі бір халифатқа бірікпей отырғанда, тілі мен дәстүрі бөлек түркі халықтарына халифат орнатамыз деп ұрандап жүрген саяси топтардың негізгі мақсаты халифат емес тұтас мемлекетті бөлуге негізделген теріс идеология екенін есте ұстаған жөн.

Әсіредіншілдердің айтып жүрген осындай жалған ұрандарынан сақ болып, ұлттық болмысымызды жоғалтпай, Алладан алған аманатты өзіне қайтарс­ақ, осының өзі үлкен сауапты іс болатыны хақ.

Сөз соңында айтарымыз: Біз мұсылманбыз, «Қазақпын!» деген қандай бақыт!

М.Ержігітов,

Дінтанушы

«Қазақстан жолы» газеті, №41 (686) 09.11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.