САРЫАҒАШТЫҢ ТЫНЫСЫНДА ТЫҢ СЕРПІН БАР

Бүгінде Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы түзеліп, тұрғындар тұрмысы жақсарып келеді.

Мысалы Құркелес ауылдық округінің ауыз су құбырының құрылысы пайдалануға берілді. 13,484 шақырымды құрайтын су құбырын жүргізген «MD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын сала мамандары оң бағалап отыр.

Бұл жаңа құрылыстың ашылу рәсіміне келген аудан әкімі М.Отаршиев құттықтау сөз сөйлеп, су құбырының ел игілігіне жарауына тілектестігін білдірсе, тұрғындар атынан ауыл биі Ғ.Досыбайұлы да мердігер серіктестікке ел ризашылығын айтты. Жалпы жаңадан пайдалануға берілген таза ауыз су Дастан елді мекеніндегі 197 тұрғын үйді қамтиды.

Сондай-ақ аудандағы Қапланбек ауылдық округінде жеке кәсіпкер, Б.Беласаровтың демеушілігімен салынған «АБК» бокс клубы» спорт кешені ашылды. Спорттық сауықтыру кешенінің ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары М.Сейтімбетов осы әлеуметтік маңызы бар нысан бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосып, талай дарынды спортшылардың болашақ ел, Азия, әлем біріншіліктерінің, олимпиадалардың жеңімпаздары түлеп ұшатын құтты шаңыраққа айналуы керектігін баса айтты.

Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Б.Адамбеков және «АБК» ЖШС директорының орынбасары Н.Беласаров өз ойын ортаға салып, спорттағы табыстарымыздың арта беруіне тілектес екендіктерін айтып жатты.

Жаңа спорттық-сауықтыру орталығының лентасын аудан әкімі орынбасары М.Сейтімбетов, Қабланбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің торағасы Д.Укибаев, Қабланбек ауылының тұрғыны А.Тұрдалин және «АБК» ЖШС директорының орынбасары Н.Беласаровтар қиса, бұл жиынға Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының алтын жүлдегері Б.Жақып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Әжібаев, облыстық бокс мектебінің аға жаттықтырушысы Б.Омаров аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жаңадан бой көтерген «АБК» бокс клубы» зәулім спорт кешенінің құрылысы былтыр басталған. Нысанның жалпы құны 310 млн.теңгені құрайды.

Ауданда «Жастар жылы» аясында көптеген сайыстар, флешмобтар, танымдық және тағылымдық кездесу кештер ұйымдастырылды.

Солардың бірі – Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогы үшін өткен «Жайдарман – достық мекені» сайысы. Ақтық ойынға аудан әкімінің орынбасары С.Таскулов қатысып, барлық командаларға сәттілік тіледі. Командалар сəлемдесу, биатлон және үй тапсырмасы кезеңдері бойынша сынға түсті. «Жұрттың балалары», «Трипл Д», «Таң қалма», «Ұлы дала жастары», «Тегісшіл құрамасы» және Шымкент қаласынан келген «Комбайн» командаларының өнеріне көрермен қауым да дән риза болды. Жыл басындағы ойындарға аудан бойынша 30 команда қатысса, 6 команда финалдық ойындарға өнер көрсету мүмкіндігін иеленді. Нәтижесінде аудан әкімінің кубогын «Тегісшіл» құрамасы алса, ІІ орынды «Таң қалма» командасы, ІІІ орынды «Ұлы дала жастары» иеленді. Финалға жеткен әр командаға арнайы сертификаттар және бағалы сыйлықтар берілді.

Сондай-ақ «Жастар жылы» аясында аудан жастарының белсенділігін арттыру, жастардың азаматтық және рухани дамуына жағдай жасау мақсатында аудан әкімі М.Баймұханбетұлымен еркін форматта «BOLAShAQ. JASTAR. 100 KЪN» тақырыбында кездесу өтті.

Аудан басшысы алдымен қолөнер бұйымдарының және робототехника көрмесімен танысса, еркін форматта өткен жүздесуге ауданның жас спортшылары, мәдениет саласындағы өнерлі жастар, жас мұғалімдер, студенттер, жас әскери сарбаздар, жас медицина қызметкерлері, құқық қорғау саласының жас қызметкерлері және белсенді жастар қатысты.

Жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жүзеге асқан жұмыстар жайлы пікірлерімен бөлісті.

Жастарға берері көп келелі кездесуде аудан басшысы жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдаудың жалғаса беретінін айтып, әрбір аудан тұрғынын нәтижелі жұмыс атқаруға, ұрпақ үшін үлгі бо-ларлық игі істер тындыруға шақырады.

Бірлігі бар ауылдың тірлігі қашанда алға басады. Ал ауылдың дамуы – елдің дамуы. Сондықтан Сарыағаштағы игі шаралар мен ілкімді істердің өз жалғасын таба берері айқын.

А.ҮСІПОВ.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.