Шаш қайызғағына қарсы маскалар
* Жұмыртқа-бал маскасы
1 жұмыртқаның сарысы, 2 шай қасық бал, 2 шай қасық күнбағыс майы, 1 шай қасық алоэ сығындысы және 1 шай қасық майонез – бәрін жақсылап араластырып, шашыңыздың түбіндегі терісінен бастап ұшына дейін жағып шығыңыз да, сыртынан алдымен пакет киіп, үстінен жылы орамалмен орап қойыңыз. Жарты сағаттан кейін басыңызды жуып тастаңыз.
* Жұмыртқа мен майсана майы маскасы
Бір жұмыртқаның сарысына 1 шай қасық майсана майын және 1 шай қасық қырмызыгүл тұнбасын қосыңыз. Қоспаны бастың терісіне жағып, сыртынан орап қойыңыз. 2-3 сағаттан кейін жууға болады. Бұл емшараны аптасына бір рет жасап тұру керек.
* Айран маскасы
3 ас қасық айранға 1 ас қасық өсімдік майын (зәйтүн, майсана, ошаған майын) және жұмыртқаның жартысын қосыңыз. Қоспаны басқа жағып, сыртын ораған соң, бір сағаттай ұстаңыз. Жылы сумен шайып, сусабынмен жуғаныңыз жөн. Масканы аптасына 2-3 рет қолдануға болады.
* Жұмыртқа-лимон маскасы
2 жұмыртқа, жарты лимонның сығындысы және бірнеше тамшы ошаған немесе майсана майын араластырып, бас терісіне сіңіре жағыңыз да, 30-40 минуттан кейін сусабынмен жуып тастаңыз.
Жұмыртқа-зығыр маскасы
2 жұмыртқа, 2 шай қасық зығыр майы және 2 шай қасық шарапты араластырып, бас терісі мен шаштың түбіне жағыңыз. Сыртынан жылы орап, 1 сағат ұстаңыз, сосын жылы сумен жуыңыз.
* Пияз маскасы
1 шай қасық пияз сығындысына 2 шай қасық арақ пен 1 шай қасық майсана майын қосып, бас терісіне жаққан соң 1 сағатқа қалдыру керек. Кейін сусабынмен жуыңыз.
* Қалақай маскасы
Кептірілген қалақай жапырақтарының 1 шай қасығын бір стақан қайнаған суға демдеп, 1,5 сағаттан соң сүзіп аламыз. Басты жуған соң, осы тұнбаны бас терісіне сіңіре жағып, сыртынан целлофанмен орап, 30 минутқа қалдырады. Целлофанды алған соң, басты жууға болмайды. Осылай аптасына 2-3 рет қайталаңыз.