Шымкент: «Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай үздік тәртіп сақшылары марапатталды.

«16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай Шымкент қаласының Полиция департаментінде санитарлық талаптарды сақтай отырып қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов іс-шараны ашып, жеке құрамды атаулы мерекемен құттықтады.
«Сіздерді Қазақстан Республикасының Ұлы мейрамы -Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге биыл 29 жыл толды.
Елбасымыздың саясаты мен табанды еңбегінің арқасында, қиындығы мол қысқа уақыт ішінде әлемдегі озық елдермен терезесі тең, тәуелсіз де қуатты ел құра білдік. Халқымыз тату-тәтті өмір сүруде. Тарих еншісіне айналып үлгерген жылдар ішінде мемлекетіміз жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналды.
Отанды сүю әр азаматқа тән жауапкершілік. Бұл әрқайсымыз үшін мемлекет алдындағы азаматтық борышымыз. Халық пен полиция арасында сапалы жаңа қарым-қатынастар құру және ішкі істер органдарына азаматтардың сенім деңгейін арттыру өте маңызды міндет болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында, полиция қызметкерлері халыққа жақын, әділ, әдепті болуы және «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша қызмет атқаруы туралы атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тарапынан полицияға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Осыған байланысты, халықтың полицияға деген сенімін арттыру үшін жұмыла жұмыс жасауымыз қажет.
Полиция қызметкерлері алдағы уақытта да халыққа сапалы заңгерлік көмек көрсетуде, қоғамдық тәртіпті сақтауда, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда өз қызметтік борыштарын абыроймен орындайтынына сенімдімін.
Ұлы мерекеміз – Тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын!
Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуы жолында атқарып отырған еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін!»,-деді Ералы Мұсаәліұлы.
Мерекеге орай қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығын қорғау жолында ерекше көзге түсіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бірқатар қызметкерлері марапатталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен 1 қызметкер, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Құрмет грамотасымен» 1 қызметкер, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен 5 қызметкер, ІІ-дәрежелі «ІІО-ның үздік қызметі үшін» төс белгісімен 9 қызметкер, ҚР ІІМ-нің Грамотасымен 4 қызметкер, ҚР ІІМ-нің Алғыс хатымен 2 қызметкер марапатталды, сондай-ақ 12 қызметкерге арнайы шен беріліп, 10 қызметкерге Алғыс жарияланды. Сонымен қатар Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетовтің бұйрығымен «Грамотамен» 17 қызметкер, «Алғыс хатпен» 11 қызметкер марапатталып, 37 қызметкерге Алғыс жарияланды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.