Терiс ағымға лайықты тосуауыл қажет
Рухани жаңғыру жолына түсіп, ұлттың ұлы мұраттарын жүзеге асыруды мақсат тұтынған мемлекетіміз жастар тәрбиесін басты назарда ұстап отыр. Шындығында да өскелең ұрпақ ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, өзінің рухани болмысын сақтай алмаса, ел болашағына қауіп төніп, жат ағымдар ықпалына түсетіні анық.
Сондықтан да олардың бойына дәстүрлі құндылықтарымызды сіңіре отырып, ұлттық біртұтастығымызға сына қаққысы келген кереғар ағымдарға лайықты тойтарыс беруіміз керек. Бұл дегеніміз – сан түрлі сипаттағы деструктивті ағымдарға қарсы тұруды қалыптастыратын қорған. Өңірімізде осы мақсатта өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралардың да түпкі көздегені осы. Яғни, діни тұрақтылықты сақтау.
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі Ислам дінін, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанушы халықпыз. Өзіміздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрпымыз бар халықпыз»,-деп айтқан болатын. Демек біздің де діттегеніміз дінаралық татулықты дәріптеу, жат ағымның жақсылық әкелмейтінін жастарымызға жете түсіндіру болғаны жөн. Осындай тағылымды іс-шаралардың бірі таяуда Түркістан қаласында ұйымдастырылды.
Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің бастамашылдығымен Түркістан қаласындағы №31 Абай және Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектептерінде «Жастар жадына–ғаламтор жау» атты кездесу өтті. Кездесуге облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог-маманы Б.Өтеген және Түркістан қаласы ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» теолог-маманы И.Нағызхан қатысты. Жиында интернет, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану ережелері, түрлі экстремистік арбаушы топтардың әдіс-тәсілдері мен белгілері және олармен күресу жолдары туралы мәселелер көтеріліп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Ал №7 С.Ерубаев, №12 Қ.Сәтпаев және М.Мәметова атындағы жалпы орта мектептерінде өткен осы тақырыптағы кездесулерде де жоғарыда аталған дінтанушылар жастардың теріс пиғылдағы жат діни ағымдардың жетегінде кетуі бүгінгі қоғамымыздағы басты дерттердің бірі болып отырғанын атап көрсетті. Оның басты себебі, дәстүрлі дініміз туралы жеткілікті білімнің болмауынан екендігін де түсіндірілді. Сондай-ақ Б.Өтеген дін мәселесінде сұрақ туындаған кезде жауапты ең әуелі ҚМДБ -ның ресми сайттарынан анықтауға болатындығын айтты.
Осы мақсатта жуырда Түркістан облысы аумағында флешмобтар өткізілгенінен де көіқарақты оқырман хабардар деген ойдамыз. Бұл шаралардың басты мақсаты – жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, өзіне деген сенімділігін арттыру, рухын көтеру, өңір жастарының достық қарым-қатынасын нығайту, діни сауаттылығын көтеру болып табылады. 26 қыркүйекте Шымкент қаласынан бастау алған керуен Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Шардара аудандарынан соң Түркістан қаласына келіп жетті. Акция басқа аудандарда да өз жалғасын тауып, жастарды радикалды діни ағымдардан сақтануға, ғаламторда отырып уақытын бос өткізбеуге, нашақорлық пен құмар ойындар секілді түрлі жаман әдеттерден аулақ болуға үндеуді.
Жат діни ағымдар идеологиясының таралуына тосқауыл қоюды көздейтін мұндай шаралардың облыс аумағында алдағы күнде де көптеп өткізілетініне сеніміміз мол.
Дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ
«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.