Терроризм- бейбiтшiлiк пен тұрақтылыққа төнген қауiп
Діни сауаттылықты қалыптастыру, жастарымызды отаншылдық рухта тәрбиелеу, жат діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу, оларға қоғам болып қарсы тұру-басты міндет. Жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында білім ордаларында «Дінтану» курсының енгізілуі де құптарлық қадам деп білеміз. Өскелең ұрпақтың діни танымын көтеру ісінде біз мектеп қабырғасымен шектеліп қалмай, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында, қаламыздағы кітапханаларда да түрлі іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылуына мұрындық бола беруіміз керек.Өйткені еліміздегі дінаралық келісім, татулықты сақтау басты мақсатымыз болып қала береді.
Ал бұл жаһандық дертке қарсы тұрудың бірден-бір жолы- кейінгі толқынға діни экстремизм туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру болып табылады. Бұл орайда қаламыздағы кітапханалардың да атқарар рөлі зор болғандықтан, кереғар ағымдардың қауіптілігі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру керек.
Шымкент қаласында бұл бағытта қолға алынып жатқан жемісті жұмыстар да аз деп айта алмаймыз.Бір ғана біздің облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапханада жыл басынан бері де діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған көптеген әдеби –музыкалық кештер, түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер т.б. өткізілді.
Бұл шаралардың баршасы да терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуға біршама септесіп, жастарымызға ой салатыны,жат діни ағымдардан сақ болуға үндеп, оларды діни сауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеуге мол мүмкіндік беретіні анық.
Жақында біздің А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың оқу залында елде террористік акт орын алған жағдайда және терроризмге қарсы операциялар іс-әрекеттері кезінде қарапайым тұрғындардың қандай әрекетке баруы керектігін, сақтану жолдарын тереңірек талдап-түсіндіретін әрі терроризм қаупінің «Сары», «Қызғылт сары», «Қызыл» деңгейлері жайлы мекеме қызметкерлеріне толыққанды ақпарат беруді көздейтін «Терроризм — бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» атты танымдық сабағы өткізілді.
Сабақ барысында терроризм тарихы, лаңкестік әрекеттер жайлы фактілер түсіндіріліп, әлемдегі ең ірі террористік актілер және Қазақстанда орын алған қауіпті жағдайлар туралы арнайы дайындалған слайд көрсетілді. Террористік актілерді болдырмау жөніндегі халыққа арналған жадынамалар да таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, «Терроризм – халыққа төнген қауіп» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Шындығында бүгінде еліміздің көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақ астына қосып, бейбіт өмір мекені ретінде әлемге танылып, конфессияаралық келісімің баламасы жоқ қазақстандық үлгісін қалыптастырып отырғаны да баршаға аян.Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Сондықтан да кереғар ағымдар арбауының алдын алу кезек күттірмейтін шара. Жастар арасында рухани адасушылықтың алдын алып, ұлттық сананы қалыптастыруда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да берері көп, көтерер жүгі де ауыр. Олай болса, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу қашанда басты назарда тұруы тиіс. Ал осындай ұлт болашағы үшін, ел ертеңі үшін маңызды саналатын қаламызда қолға алынып жатқан игі шараларға біздің кітапхана ұжымы да хал-қадерінше өзінің сүбелі үлесін қоса беретін болады.
Раушан БАБАЖАНОВА,
А.С.Пушкин атындағы ОӘҒК директорының орынбасары
«Қазақстан жолы» газеті, №15 (690), 21.04.2018 ж.