Терроризмнiң түп тамыры неде?

Қазақстан барлық түрлері мен көріністеріндегі терроризмді қатаң айыптайды және бұл құбылыспен күресте әлемдік қауымдастықтың ұжымдық күш салысуын қолдайды. Мемлекетіміз терроризммен күрес туралы барлық 13 халықаралық әмбебап конвенцияларға қосылған. Әлемдік деңгейде жүргізіліп отырған экстремизм және терроризмге қарсы күресте өз деңгейінде белсенді түрде қатысып келеді. Оның айғағы ретінде, қазіргі таңда елімізде діни экстремизм мен террроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама қазір іс жүзінде орындалуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының салтанатты 70-ші сессиясында сөйлеген сөздерінде жалпы әлемдік қоғамдастыққа ортақ мәселелерді көтерді, келелі ұсыныстарды ортаға салды. Аталмыш сессияда Елбасы осы ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен арылтатын және оның себептерін жоятын стратегия–Жаһандық Стратегиялық бастама–2045 жоспарын әзірлеуді ұсынды. Оның басты мәні адамазаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру болып табылады. Елбасының ұсыныстарының барлығы әлемдік маңызға ие, өткір әрі өзекті мәселелер екендігін танымал саясаткерлер мен сарапшылар атап өтуде. Мұның барлығы қауіпсіздікті, қорғанысты және теолог мамандарының біліктілігін жан-жақты арттыратындығының, терроризмді тұқыртуда адамзаттың үніне үн қосудың айқын көрінісі екені анық.

Дүние жүзі бойынша террористік ұйымдар мен олардың сипаттарын төмендегідей деп білгеніміз жөн:

–Терроризм – идеология, доктрина, тіпті жүйелік пікір де емес. Ол стратегия.

–Терроризм бүкіл әлемді «жақсы» және «жаман» деп екі топқа бөліп, өздерін «жақсы» категориясына жатқызады.

–Терроризм, лаңкестік әрекеттерді іске асыру үшін міндетті түрде сценарий дайындап, «а» және «б» жоспарын дайындаймыз.

–Терроризм болашақ үшін жаңа мүмкіндіктер мен өзгерістер уәде етеді.

–Терроризмнің үнемі бұлыңғыр болса да саяси мақсат-мүддесі болады.

–Терроризм халықаралық саясаттың бір бөлігі, сол себепті сырттан келетін қолдау арқылы іске асырылады.

–Терроризмнің өз тілі болады және ол тек сол тілде сөйлеуге тырысады. Жалпы терроризм қай жерде жасалса да, кім жасаса да варварлық құбылыс.

Мәлім болғанындай, террористік ұйымдардың өз қызметін ойдағыдай атқаруы, жұмысын жүргізуі үшін белгілі қағидалары бар. Олар: идеология, ішкі және сыртқы қолдау, ақша және қызметкерлер. Бірақ, бір ұйымның құрылуы үшін ең маңыздысы ол идеологияның болуы. Бұл коммунист, фашист, этникалық немесе діни идеология болуы мүмкін. Сол себепті, террористік ұйымдар ең алдымен идеологияларын дамытып, кітап, журнал, әлеуметтік желі және қолдарынан келгенше БАҚ арқылы өз ұйымдарына жақтас болатын, пікірлері сәйкес келетін адамдарды өздеріне тартумен бастайды. Терроризмнің төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең өріс алып отыр. Оған діни сипат беру тіпті қателік. Терроризмге қарсы күрестің ең негізгі қағидаларының бірі халықтың қолдауын алу, бұл қолдауды ала білу үшін сенімді болу керек, сенімді болу үшін террористерді ұстау керек, террористерді ұстау үшін қолында өкілетті және білімі болуы керек, қолында өкілетті және білімі болуы үшін кәсіби деңгейі мықты болуы керек. Осы керектердің жолында «Бес саусақ біріксе жұдырық, бірікпесе құрыдық» дегендей, бүкіл халық болып бірігіп күресуге тиіспіз. Халықтың қолдауын алу арқылы мемлекет лаңкестік және экстремизм сияқты қауіп-қатерге бөгет болып, осы зұлымдықтың айрандай ұйыған еліміздің бірлігін шайқалтуына, ел ішінде туындауы бек мүмкін бөлінулерге біріге отырып төтеп береді. Сол себепті лаңкестікпен күрес тек мемлекеттік органдардың парызы емес, ол қазақстандықтардың міндеті.

Айбек Аташев, дінтанушы

 «Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.