ТҮРКІСТАН: «БІЗ БІРГЕМІЗ!» АКЦИЯСЫ БОЙЫНША 10 МЫҢНАН АСТАМ ОТБАСЫҒА КӨМЕК БЕРІЛДІ

Елімізде Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз!» акциясы Түркістан облысында жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Бүгін, 27 сәуірде облыс бойынша «Біз біргеміз!» акциясы аясында азық-түлік алған отбасылар саны 10 мыңнан асты. Оның ішінде Жетісай ауданында 1450, Сарыағаш ауданында 910 және Кентау қаласында 740 отбасыға көмек жеткен.
Бұл игі бастаманы «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы және аудан, қалалардағы филиалдары үйлестіруде. Акцияны жүзеге асырылуы облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында тұр.
Коронавирусқа қарсы күресті күшейту, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесу мақсатында қолға алынған акцияны жүргізу үшін «Түркістан» әлеуметтік-корпоративтік даму қоры құрылып, кәсіпкерлер қомақты үлес қосты. Мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын аударса, жеке демеушілер, аудандық мәслихаттардағы партия фракциясының мүшелері, депутаттар айрықша көмектесуде. Түркістан облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелері де көмек қолын созды. Аудан, қала әкімдіктерінен де қолдау бар.
Азық-түлік себеттері партияның аудан, қалалық филиалдары арқылы «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» жобалары бойынша аса мұқтаж жандарға жеткізілуде. Бұл ретте «жасотандықтар» мен ерікті жастар, партия қызметкерлері демалыссыз жұмыс жүргізіп, елді мекендерді аралап, көмек жеткізгенін айта кеткен жөн.
Аса мұқтаж отбасылар мен тұрғындардың тізімі жергілікті әкімдіктердің базасы негізінде жасақталған. Партия филиалдарына түскен өтініштер бойынша да тұрғындарға нақты көмек беріліп келеді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың айтуынша, партия филиалының әлуеметтік желідегі парақшаларына тұрғындардан өтініш өте көп түсуде.
«Біз мейлінше әрбір өтініштің орындалуына күш салып жатырмыз. Он мыңнан астам отбасыға азық-түлік жеткізілді. Әлі де көмек сұрағандар көп. Мақсатымыз – көмекті шын мұқтаждарға жеткізу. Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектер туралы айтты. «Nur Otan» партиясының да жемісті жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. «Біз біргеміз!» акциясы арқылы көмекке ие болған тұрғындар ризашылықтарын білдіріп жатыр. Біз өз тарапымыздан партия қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, аудан, қала әкімдері мен «жасотандықтарға», ерікті жастарға және қиын кезеңде түсіністік танытып отырған елге алғысымызды айтамыз. Бұл қиындықты бірге жеңіп шығамыз», – дейді ол.
«Біз біргеміз!» акциясы төтенше жағдай аяқталғанға дейін жалғасады деп жоспарланған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.