ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚТАР КӨРСЕТІЛІП ЖАТҚАН КӨМЕККЕ ӨЗ АЛҒЫСТАРЫН БІЛДІРДІ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдауси, Достық, Өргебас елдімекендерінің тұрғындарына Үкімет тарапынан берілетін 100 мың теңгелік қаржылай көмекке 6347 азамат құжат тапсырған. Оның 5356-ның өтініші мақұлданып, есепшоттарына жалпы 535 600 000,0 теңге жіберілді. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғани Рысбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалған 911 адамның құжаты түгел болмауына байланысты тиісті көмекті алмаған.
«Қазіргі таңда төтенше жағдайдан зардап шеккендерге берілетін қаржылай көмекті үлестіру жұмыстары атқарылуда. Анықтау жұмыстары кезінде 146 азаматтың құжаты тиісті әкімдіктің тарапынан расталды. Ал, 62 азаматтың құжаты қайталанса, 4 адам басқа елдің азаматтары болып шыққан. Сондай-ақ, 779 азаматтың құжаты комиссияның қарауынан қайта өтетін болады»,-деді Ғ.Рысбеков.
Бұдан бөлек, топан судың зардабын көрген 5205 отбасыға кәсіпкер Әлішер Усмановтың қоры есебінен әрбір жанұяға 1000 АҚШ долларынан берілген. Бүгінде дәл осындай көмек алуы тиіс қосымша 120 отбасы анықталып отыр. Нәтижесінде 5316 отбасының есепшотына 2 206 724 760,0 теңге жіберілді.
Осы сияқты қаржылай қолдауларға ие болған жанның бірі Фирдауси ауылының тұрғыны Финаят Файзиев. Ол қиындыққа тап болған азаматтарға көмек қолын созғандарға шексіз алғысын білдірді.
«Ауылымызды топан су басқан күннен бастап, бізге әртүрлі көмек көрсетіліп келеді. Мысалы, үйсіз қалған кезде түгел ауылды уақытша эвакуациялық орталыққа апарып жайғастырды. Азық-түлік, киім-кешек, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етті. Одан бөлек, әкімдіктің қолдауымен ауылды қоқыстан тазартып алдық. Міне, бүгінде 17 млн. теңгенің 50 пайызын аударып берді. Сол қаржыға баспанамызды салып жатырмыз. Қалғанын үйдің шатырын жауып болған соң аударып беретін болды. Және көмек ретінде кейбір құрылыс материалдарын тегін де жеткізіп беруде. Осындай көмекке ұйытқы болып отырған Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне және барша халыққа алғыс айтқымыз келеді»-деді Ф.Файзиев.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.