ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК МАУСЫМНЫҢ АШЫЛУЫ ӨТЕДІ

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Туризм басқармасының басшысы м.у.а. Нұрдәулет Медеуов мәлім етті.
Биыл Түркістан облысында наурыз мерекесі 10 күн бойы атап өтіледі. Мерекелік шаралар 11 наурыздан бастау алды. Әр атаулы күнге жеке-дара үлкен мән беріліп, сенбілік, түрлі челленждер, жүгіру марафоны, концерттік бағдарламалар өтіп жатыр. Сондай-ақ ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, түрлі байқаулар мен конкурстар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарланған.
Спикердің айтуынша, Наурыз мерекесі қарсаңында, яғни 15 наурызда «Керуен сарай» туристік кешенінде Түркістан облысының туристік маусымының ашылуы өтеді.
«Түркістан — қазақ халқының, әріден алғанда түркі жұртының тарихи елордасы. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс орталығында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл орайда, 15 наурыз күні сағат 15:00-20:00 аралығында «Керуен сарай» кешенінде туристік маусымның ресми ашылу салтанаты болады. Іс-шара барысында концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, интерактивті сұрақ-жауап пен түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мерекелік шарада әуе шарларының ұшырылуын тамашалауға мүмкіндік бар. Баршаңызды думанды кештің қонағы болуға шақырамыз», — деді Нұрдәулет Данабайұлы.
Бұдан бөлек, Түркістанда 22 наурыз күні «Тайқазан» гастрофестивалі, 21-23 наурыз аралығында «Этнофестиваль», 23-26 наурыз аралығында «Жанды сабақтар» экскурсиялық бағдарламасы өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, биыл туристік маусым аясында 15-16 сәуір күндері «Рухани мекенде неке қию» рәсімі, 24-28 мамыр аралығында «Түркістанды көргім келеді» шоу бағдарламасы өткізіледі. Ал, 3 маусым күні «Шаға» жағажай маусымының ашылу апталығы және 8 шілдеде Байжансайда «Airsoft» страйкбол чемпионаты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, 19 тамыз күні Шардара ауданында «Qauyn Fest» фестивалі өткізіледі, қазан-қараша айларында Өзбекстан, Катар, Франция, Жапония, Түркия елдерінде өтетін халықаралық көрмеде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.