ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН АРТТЫРУДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

Бүгінгі күні жаңадан төселген автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру  мақсатында ел аумағында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Атап айтсақ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанынан құрылған «Сапалы жол — адалдық алаңы» жобасы аясында республикалық, облыстық, аудандық және жергілікті жолдардың сапасына тұрақты негізде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Аталмыш жобаның негізгі мақсаты — автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мен жаңа төселген жолдар сапасына қоғамдық бақылауды күшейту болып табылады.

Бұл үрдіс Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен киелі өңірде де өз жалғасын тауып, бүгінгі күні «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының қызметкерлері мен «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен облысқа қарасты автомобиль жолдарының сапасы жіті қадалағанып келеді.

Мәселен, 2019 жылы «Сапалы жол — адалдық алаңы» жобасы шеңберінде  10 ауданда, соның ішінде Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Келес, Отырар, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында салынған  автожолдардың сапа деңгейі сараланып, жылжымалы зертханалық көлігі арқылы күре жолдардан алынған 65 сынаманың 52-сі нормативтерге сәйкес келмейтіндігі анықталды.

Өткен жылы жүргізілген жол сапасын бақылау жұмыстары барысында жалпы саны 67 бұзушылық, атап айтсақ өндірістік-техникалық құжаттаманың жүргізілмегендігі, асфальт-бетон жамылғысында ақаулар мен сызаттардың болуы, сондай-ақ жолдардың тегіссіздігі мен біркелкі қалыпта емес екендігі мәлім болған еді.

Сәйкесінше, анықталған ақаулар бойынша мердігер мекеме басшыларына акт түзіліп, қайта қалпына келтіру бойынша ұсыныстар білдірілген болатын.

Ал, ағымдағы жылы мониторингтік топ мүшелері Түркістан облысына қарасты  6 қала/аудандарда, соның ішінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Созақ, Сарыағаш аудандарында арнайы болып, тұрғындардың арыз-шағымдары негізінде  жаңадан төселген автокөлік жолдарға сараптама жүргізді.

Нәтижесінде, 61 бұзушылық деректері, атап айтсақ асфальт -бетон жамылғысындағы қалыңдықтың сәйкес келмеуі,  жол төселімінде шөгінділер мен тегіссіздіктер, сынулар мен ығысулардың орын алуы, жол жиектерінің бұзылғандығы мен шөптердің шиыршықтала өсіп шыққандығы, сондай-ақ алынған 67 сынаманың 47-сі бекітілген талапқа сәйкес келмейтіндігі анықталып,   ақауларды жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға тапсырыс берушімен 6 хат жіберілді.

Бұған қоса,  «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында жыл басынан бері  облыстық маңызы бар тас жолдарда ауыр жүк көліктерінің ішкі тәртібіне рейдтік шаралар жүргізіліп, нәтижесінде шамадан тыс жүк тиеген 70 ауыр жүк көлігіне жалпы құны 1 377 370 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетсек,  айына екі рет «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК Түркістан облысы  бойынша филиалы мен «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері бірлесе отырып,  облысқа қарасты барлық қала/аудандардың автокөлік жолдарына тұрақты негізде мониторингтік жұмыстарын жүргізіп отырады.

Осы орайда,  өңір тұрғындары  өзі тұратын қала/аудандардың жол сапасынан  кемшіліктер мен ақауларды байқаған жағдай да,  + 7 747 263 83 63 нөміріне қоңырау шалуға (фото-, видеоматериалдарды қоса жіберуге) және мониторинг жұмыстарына бірге қатысуға болатынын хабарлаймыз!

Мирас Қарғабай
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл                 агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.