ТҮРКІСТАНДА ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА НЫСАНДАРЫ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Жуырда Түркістан қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік — мәдени даму комитетінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды  заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты көшпелі отырысы өтті.

Алқалы жиынға ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы мен қоғам, мәдениет, археология ұйымдарының өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ және еліміздің ЖОО ғалымдары қатысты.

Жиында тарихи-мәдени мұраны қорғауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері қаралып, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобалары талқыланды.

Жиында сөйлеген облыс әкімі Ж.Түймебаев бүгінгі таңда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың өзекті мәселе болып отырғанын айта келіп: «Тарихи-мәдени ескерткіштердің ішінде археологиялық ескерткіштердің жойылып кету қаупі жоғары екенін білеміз. Әсіресе шаруашылық, құрылыс жұмыстары әсерінен зардап шегуі мүмкін. Археология ескерткіштері негізінен далалы, таулы жерлерде орналасқан. Олардың сақталуын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Жаңа заң жобасына сәйкес ескерткіш орналасқан жердің меншік иесін ескерткіштің сақталуына жауапты ету олардың сақталуына оң әсерін береді деген ойдамыз», — деді.

Сондай-ақ, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша атқарылып жатқан нақтылы жұмыстарға тоқталу барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Созақ ауданындағы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы мен Ордабасы ауданындағы Ишан базар мешіті ескерткіштеріне республикалық мәртебе беру жөніндегі ұсыныс ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, министрліктің жанынан құрылған арнайы комиссияда қаралып, оң шешімі алынғанын да жеткізіп өтті.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Б.Мамраев жүргізген осы жиында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Б.Байтанаев, археолог, тарих ғылымдарының докторы З.Самашев, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директоры Н.Ахметжанов, археолог, тарих ғылымдарының докторы В.Зайберт, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ вице-президенті, профессор Женгиз Томар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі С.Абдрахманов сөз сөйлеп, ой-тұжырымдарын ортаға салды.

 

«Қазақстан жолы» – ақпарат

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.