ТҮРКІСТАНДЫҚТАР МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ұсынылған мемлекеттік марапатты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты жағдайда иелеріне табыс етті. Түркістан қаласындағы «Конгресс — холл» көпсалалы кешенінде өткен «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік» іс-шарасында кеудесіне орден-медаль тағылған жандардың арасында елімізге танымал тұлғалар да, қарапайым еңбек адамдары да бар. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барша түркістандықтарды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

«Кешегі ата-бабаларымыздың төккен тері мен қан майданда аққан қанының өтеуі – бүгінгі Тәуелсіздік. 29 жыл ішінде еліміз толағай табыстарға қол жеткізіп, толыққанды дамыған, бәсекеге қабілетті, әлем назарын аударған алпауыт елге айналды. Коронавирус пандемиясы өмір сүру мәнін өзгертіп, адамзат құндылығын айқындауға мүмкіндік берді. Айтып келмейтін апаттардан оңтүстіктің еңбекқор халқы ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында абыроймен өтіп келеді. Күллі Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан қаласы да күннен күнге көркейіп, көне тарихтың сыры мен заманауи қаланың сыны астасқан, көркіне көз тоймайтын жауһар қалаға айналып келеді. Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі Қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы қандастарымыз үшін де Ұлы мереке! Осы асыл қазынамызды көз қарашығындай сақтап, бірлігімізді ту етіп, еліміздің барлық бағытта дамыған мемлекетке айналуы жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Ынтымақ, бірлігіміз ыдырамай, ел игілігі жолындағы әрбір ісіміз жемісті болсын!», — деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Тәуелсіздік күніне орай 80-ге жуық азамат, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, өндіріс пен бизнес саласында қызмет етіп жүрген азаматтар, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері ерекше құрметке ие болды. Өзбекстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Тұрсынхан Құдайбергенов, YDA Group директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Хусейн ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иелері атанды.

Мемлекеттік марапатқа ие болған түркістандықтардың қатарында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев – «Парасат» орденімен, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков «Парасат» орденімен, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Түркістан қалалық филиалының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов «Құрмет» орденімен, «Кентау қалалық емханасы» МКК мейірбикесі Бейсенкүл Құдайбергенова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Асқар тау» шаруа қожалығының шопаны Асқар Кенехан «Еңбек Даңқы» орденімен, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының президенті Шалтан Еркінбай «Шапағат» медалімен, «Абай» Келес аудандық ауруханасы» МКК дәрігері Елдос Жақсыбаев «Шапағат» медалімен марапатталды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.