ҰСТАНЫМЫ АЙҚЫН ӘКІМ, ХАЛЫҚ КҮТКЕН БАСҚАРМА БАСШЫСЫ

Шымкент қалалық білім басқармасының бір жылдан астам уақыттан бері басшысыз тұрғаны қаланың ойлы жандарын алаңдататын. Онда да қаланың білім саласын басқаруға лайықты бір адам табылмай қалды дегеннен емес, басшыны тағайындауда тағы да өзіміздің “шымкентшелеу” қайталана ма деп.

Соңғы оншақты жылда қалада лауазымды қызметке кадр тағайындаудағы бел алған беталдылық жұртшылықтың қала билігіне деген сеніміне селкеу түсірді. Шындығына  келгенде ашығын айтар болсақ, қаланың халқы бір жақта да, қаланың билігі бір жақта қалды. Көз алдауға қала шенеуніктерінің көзін бақырайтып қойып өтірік мақтайтын “жарапазаншы” “дежурный шалдардың” ертегісі жарап жатты. Біз соған алдандық. Бүйректен сирақ шығару емес, шынайы шындықтың өзін бетке айтудан қалдық.

Қала тізгінін ұстауға Қ.Молдасейітов келгеннен бастап, Ғ.Әбдірахымов, Н.Сауранбаев, Е.Айтахановтар билікте болған кезінде басшылық қызметке кадр қабылдауда “шымкентшелеу” шыңына шықты. Тіпті, қалаға танымал басшы кадр Жанбосыновты жұмыссыз қалдырып, Жамбыл облысына асып кетуге жеткіздік. Жұртшылықтың енді қала билігінен үміті үзілгендей еді. Қаншама әкімдерді көрген қалалықтар халықтың ойынан шы­ғар­лық жұмыс істеп, елжандылық өнегесін нақты ісімен көрсеткен қаланың эксәкімдері Т.Бекжігітов пен А.Жетпісбаевтың есімдері ел ішінде ілтипатпен айтылады десек, қателеспейтін шығармыз. Олардың басқару кезеңінің “Золотой век” аталуының оңайлықпен келмегеніне халықтың көзі жеткен еді. Қала әкімдігіндегі лауазымды қызметке “шымкентшелеп” тұра қалудың жолы кесілді. Кадрдың қайсы ауылдан шыққандығы емес, іскерлік қабілеті мен мемлекетшілдік болмысы бірінші орынға қойылды. Облыстың №1 “Ақ үйінің” “звоногымен” қызметке тұру тоқтатылды. Халыққа мүлтіксіз қызмет көрсетуді ұстанған бұл әкімдердің жарқын істері облыстағы “құршірендердің” ызасын келтірді. Осының әсерінен Т.Бекжігітовтің өзіміздің “Бекеңмен”, ал А.Жетпісбаевтың “жарты патша Асекеңмен” араларындағы түсініспеушіліктің қай деңгейге дейін жеткені қаланың қарапайым халқына дейін сезілді.

Дөңгеленген дүние шырайлы Шымкентке 2020 жылы шуағын шашқандай әсермен келді. Шымкент қаласына өзіміздің төл перзентіміз Мұрат Әйтенов әкім болып тағайындалғаннан кейін ғана нағыз ел перзентіне лайықты басшылықтың игі істері қолға алына бастады.

Қала әкімі М.Әйтеновтың алғашқы қадамдары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңашыл ұстанымына дөп келетінін ісімен көрсеткеніне өз пікірімізді газетімізде білдірген едік. Онда өзіне орынбасарлыққа облысқа танымал идеолог А.Мамытбековты, тұрғын-үй және техникалық инспекцияның басқарма басшылығына нағыз мемлекетшіл кадр Ғ.Төлеповты әкелуімен және денсаулық басқармасы басшысы қызметінен А.Байдувалиевті босатқаны көп көңіліне қонымды болғанын айтқанбыз.

Әкім М.Әйтенов осы істерімен өзінің “шымкентшелеп” жұмыс істеуге жоқ екенін аңғартқандай болып еді.

Енді міне, қалалық білім басқармасы басшылығына облысқа белгілі басшы-кадр, білікті маман, іскерлігі “патриоттығымен” ұштасқан қазақтың нағыз отаншыл қызы Жанат Тәжиеваны тағайындауымен М.Әйтенов өзінің берік ұстанымын тағы да дәлелдей түсті.

Ж.Тәжиева осыған дейін екі рет қаланың білім бөлімін басқарса, ол жылдардағы еңбегі босқа өткен жоқ. Қаланың білім саласын дамытуда уақыт талабымен үндесетін жаңашыл жарқын істердің баяндылық табуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Сол кездегі Шымкент қаласындағы өміршеңдік тапқан игі істер республикада үлгі-өнеге болып таратылды. Білім беру саласындағы жаңа жетістіктер ел-жұртты қуантты.

Табиғи болмысына біткен қабілеті мен алғырлығын, қажымас қайраты мен қайсарлығы толықтырып, азаматтық болмысын асқақтата түсті. Оның үстіне болмысына серік болып отырған ізденімпаздығы мен ыждағаттылығы еңбекқор қыздың қай жерде болса да шоқтығын биік етіп тұрады. Оның іскерлігі болса керек, Шымкент қалалық білім бақылау департаментінің жұмысын аз уақытта республикаға танытқаны. Қажырлы да қайсар қыздың енді қалалық білім саласы жұмысын ретке келтіретінін нық сеніммен айтуға болады. 

О.Тәжиев,

“Қазақстан жолы” газетінің бас редакторы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.