ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН, ЖАҢА ШЫМКЕНТ, ЖАҢА ТІРШІЛІК

Жер-жерде жергілікті әкімдердің есеп беруі басталды. Жылда қаңтар айында басталатын бұл шара биыл көктем мезгіліне сырғыды. Жер-ана оянып, тіршіліктің нышаны байқалатын уақытта есеп берудің басталғаны да игі жақсылықтың белгісі шығар.

Ұлан-ғайыр еліміздегі өзге қалаларды қайдам, Шырайлы Шымшаһардағы атқарылған алуан тірліктердің орасан екені рас. Шымкент тізгінін Мұрат Дүйсенбекұлы алғаннан 109 «IKolik» қоңырау орталығын ашты. Оған кез-келген мәселе, сұрақ бойынша хабарласа бересіз. Әрі қоңырау шалу да тегін. Оның үстіне, тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейді. Міне, осы аталмыш орталық арқылы шаһардағы көптеген мәселе шешімін тауып жатыр. Әрі тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстың орындалу барысын орталық директоры Азат Әміртай тікелей қадағалайды.

Одан бөлек, Д.Қонаев даңғылы тағы бірнеше шақырымға ұзарды. Үш жылдан бері жалғасын таппай тұрған Әл-Фараби көшесі бірер айдың ішінде біте салды. Бұл – қаладан Түркістан бағытына қарай шығатын үлкен жол. Сонымен бірге, Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов көшелері қиылысында жолайрықтың негізгі бөлігі жылдам аяқталып, автокөліктерге жол ашылды. Мұнан бөлек, Шымкентте элиталы көпқабатты тұрғын үй комплекстерінің бірнешеуі тұрғызылды.  Әрі су жаңа кең де, үлкен қоғамдық  көліктер лек-легімен әкелінді. Осылай Шымкент автопарктері түбегейлі жаңарды десек жаңылыспаймыз.

Бұл оңды істерді түгел білетін тұрғындар үшін әкімнің биылғы беретін есебі есептен көрі жетістіктерді тізбектеп көңілді бір демдейтін жиын секілді көрінді.

Сондықтан шығар, Мұрат Әйтенов те халықпен кездесуді сахнасы мен мінбері бар зал да емес, «Алтын жұлдыз» тойханасының «VIP» бөлімінде өткізді.  Әрі тұрғындардың тура алдында тікесінен тік тұрып сағаттап баяндама жасады.

М.Дүйсенбекұлының жұмысына разы болған үлкен кісілер алғысын білдіріп, құшақтап, батасын да беріп жатты.

Осы арада айта кетер нәрсе, қала әкімінің есебіне келушілерге есігі айқара ашық тұрды. Өзге әкімдердің есебіндегідей қаптаған полиция қызметкерлері- мен жүрмеді. Ішке кірушілерді ешкім алаламай, шетке тартпай, алдын ала есікті жауып қою деген атымен болмады.

Жалпы, өткен тоқсанда Шымкент қаласында қандай жұмыстар атқарылды? Алда нендей міндеттер тұр? Бұл сұрақтардың жауабын қала әкімінің есепті кездесулерінде болғандар біледі, білмегендерге айтып беру бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде біз міндеттіміз. Ендеше, өткен тоқсанның жұмыстары мен алдағы күннің міндеттеріне көз жүгіртіп көрейік.

Шымкент қаласындағы ең ірі шағынаудандардың бірі Абай болса, қала әкімі Мұрат Әйтенов 34 елдімекеннен тұратын аудандағы кездесуін Жаңаталап, Қызылжар, Алтынтөбе, Көкбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл, Игілік, Жайлау, Ақниет, Ынтымық, Ынтымақ-2, Тұрлан, Жаңа Тұрлан, Ақниет, Қорғасын-1,2 Жиделі тұрғын алабынан бастады. Қала әкімі 1-тоқсанды қорытындылап, қаланың даму көрсеткішін баяндап, елдімекендерді аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша есеп берді.Жаңа жылдан бері М.Әйтенов мегаполистегі барлық 72 елдімекенді аралап,

онда 374 мәселе көтерілгенін жеткізді. Әрбіріне жеке хаттамалық тапсырма жазылып, орындалуы қатаң бақылауда болды. Нәтижесінде бүгінге дейін 78 мәселе шешілді, 249-ы жыл соңына дейін шешілмек.  47 мәселе 2023-2025 жылдары шешімін табады.

Әкім қоғам белсенділерімен де жиі кездесіп, олар тарапынан қойылған мәселелерді барынша оңтайлы шешуге атсалысқанын да айта кетейік. Яғни, ашық диалог арқылы мемлекеттік орган мен халық арасындағы байланыс нығайып, қаланың өркендеуінде үш жақты жауапкершілік орнағанын айтқан М.Әйтенов алда бұл жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

 

ҚҰРСАЙДА ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ БАР?

Жасыратыны жоқ, таза ауыз су құрсайлықтардың біраз жылдан бергі басты   мәселесіне айналған болатын. Аталған елдімекен тұрғындары бұл мәселені көлденең тартып бармаған жері жоқ. Өткен жылы ауызсумен қамту үшін 3 магистралды суаққы мен 10 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілгенін айтқан әкім ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін тапқан елді мекендерді жатқа айтып берді. Олар: Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңа Тұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле және Нұртас шағын аудандары. Нәтижесінде сапалы сумен қамту көрсеткіші 95,6 пайыздан 98 пайызға жетті.

Қала әкімі өз баяндамасында биылғы алғашқы тоқсанда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Қазір қаладағы 81 елді мекеннің 78-і ауызсумен толық қамтылған, Құрсай, Сайрам және Қайнарбұлақ тұрғын алабына су кестемен беріледі.Биыл кестемен су алып отырған елді мекендер мен Нұртас су жинағыш магистралының құрылысы жүреді. Жыл соңына дейін Құрсай мен оның жаңақұрылыс аумағы ауызсумен қамтылуы жоспарланып отыр.

Ал, Сайрам мен Қайнар-бұлақ және Асар екінің жаңақұрылысының сумен қамтылуы келер жылға өтпелі. Алдағы жылдың жоспары бойынша 3 магистралды суаққы салынып, қолданысқа беріледі. Нәтижесінде 2023 жылы Шымкент қаласының ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.

 

АТҚАРЫЛУЫ ТИІС ЖҰМЫС КӨП

Шымкент қаласының әкімі Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен де кездесті. Кездесуге Наурыз, Ақжайық, Самал-2, Спорт, Отырар, Айқап-Түркістан шағын ауданы мен «Су Ресурстары Маркетингі» аумағы, Қонаев даңғылы, Байтұрсынов, Қазыбек би, Дулати, Диваев көшелерінің  тұрғындары қатысты. Мегаполис әкімі М.Әйтенов атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, ауданның даму бағытын баяндады. М.Әйтенов ауданды аралау барысында жыл басынан бері 22 мәселенің анықталғанын айтты. Бүгінде оның 9-ы шешіліп, 13 мәселе орындалу барысында.

Аталған аумақ, яғни аудандағы 1-2 сектор 5 мың гектар аумақта орналасқан. Онда 70 мың халық тұрады. 4 аурухана, 7 мектеп, 22 балабақша, 65 аула, 16 спорт алаңшасы бар. Электр, ауыз су, табиғи газбен, интернетпен толық қамтылған. Мұндағы тұрғындарды кәріз жүйесі, көшелерінің қиылысын кеңейту, ретсіз құрылыс секілді мәселелер толғандырады. Кездесуге келгендер осы бағытта сұрақтарын қойды.

Шаһар басшысы әрбір сұраққа жеке жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Мұндай есепті кездесу әр тоқсан сайын өтетінін және барлық мәселе ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Шымкент қаласында жол жөндеу қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы  қалада жалпы ұзындығы 189,7 шақырым жол пайдалануға берілді. Биыл 182 жобаның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Соның ішінде 20 жобада қайта құру, 3 күрделі жөндеу және 159 көшеде орташа жөндеу жұмысы жүргізілмек. Сонымен бірге,  122,7 шақырым жолға шағал тас төселіп, 178 жаңа аялдама орнатылады.

Ал, одан бөлек ауқымды делінетін жобалар да жүзеге асып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы айналма жол салынып, пайдалануға берілді. 2022 жылдың жоспарына сәйкес, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы айналма жолдың құрылысы атқарылуда.

Одан өзге, биыл аудандағы ішкі орамдық 3 көшеге асфальт төселеді. Олар Ақжайық шағынауданы, Ақжирен көшесі, Самал-2 шағынауданы Жабай ата көшесі және Жандосов өткелі.

Келесі жылы  Айқап-Түркістан шағынауданы Беткей көшесі, Ақжайық шағынауданы Шағатай, Балтамыр, Тоқпан көшелері, Самал-1 шағынауданы Тайманов, Мейірбеков көшелерін асфальттауға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына енгізілді. 2024 жылы Ақжайық шағынауданы  Сәйгүлік, Самғау, Майлыкент, Тайқоңыр көшелері және Самал-2 шағынауданы Ермекбаев, Шәкіров, Сейітов көшелеріне асфальт төселеді.Жоғарыда аталған көшелерде асфальт төсеу жұмысы жүзеге асырылса, аудандағы сапалы жолдардың көрсеткіші жүз пайызға жетеді.

Аталған ауданда өткен жылы 8 көше жарықтандырылды. Атап айтқанда, «Наурыз» шағынауданындағы Жабай ата, Тәжібаев, Дәулетұлы, Тәжібай ата көшелері және Ақжелкен, Жұлдыз, Орманов көшесіне жарықшамдар орнатылды.

Биыл ауданда I, II сектор бойынша 9 көше жарықтандырылмақ. Олар Еркіндік, Жанкент, Көктас, Асфендияров, Балқарағай, Мырзабеков және Қонаев даңғылы қиылысынан бастап Тәжібаев көшесі соңына дейін жарықшам қойылады.

Шаһарда 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласындағы нысаналы индикаторлар 4 бағыт бойынша жүргізіледі.  2021 жылы 101 спорт алаңшасы пайдалануға берілді.

Әл-Фараби ауданында 2021 жылы 10 спорт алаңшасы орнатылды. «Спорт» шағынауданы, А.Байтұрсынов, Адырбеков көшесі тұрғындарына қолайлы жағдай жасалды.

2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағ-дарламасы аясында ауданда I-II сектор бойынша

4 спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. «Спорт» шағынауданы, А.Байтұрсынов, Верещагин көшесі және «Отырар» шағынауданында тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Міне, осылайша үшінші мегаполисте атқарылған жұмыстар да, кезегін күтіп жатқан жобалар да аз емес. Демек, алдағы күнде қаланың бірінші басшысы қолға алған  мәселелердің де оңтайлы шешілетіндігіне сенім зор.

 Ерлан ТӘЖИЕВ,

«Қазақстан жолы» газеті бас редакторының орынбасары.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.