Жастарды кереғар ағымдардан қорғайық

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың тура жолына түсіп, сананы өзгертпесек, жетістіктерге жете алмайтынымызды атап өтті. Ұлттық дәстүрімізді сақтап, жылтыраған жалған сенімдерге бой алдырмай даму келер ұрпақ үшін орасан зор мұра екендігі айқын. Егер жаңғыру елдің ұлттық, рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтыны да анық.

Бүгінгі күнде түрлі жат ағымдар мен миссионерлік топтар өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырып бағуда. Әлі ақ пен қараны ажырата алмаған жастарымыз бен тіпті ес тоқтатқан азаматтардың да санасын улап, жат ағымның жетегінде кетуге мәжбүрлеуде. Тіпті теріс ағым қоғам дертіне айналып барады.

Шымкент қаласында қазіргі уақытта дін мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, жастарды теріс ағымның жетегінде кетуден сақтау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Осы орайда «Дін мәселе­лерін зерттеу орталығы» МКМ-нің ұйымдастыруымен жуырда Шымкент қаласында №125 жалпы орта мектеп оқушыларымен «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында  кездесу болып өтті. Кездесу барысында сөз алған дінтанушы маман Д.Баққараев оқушыларға зайырлылық таным, қоғамдағы діни ахуал жəне кереғар діни ағымдардың зардабынан сақтану жайлы мәліметтер берді.

Сол себепті дiнтанушы маман ғаламтор желісіндегі діни мазмұндағы материалдарды дұрыс қолдану қажеттілігін атап өтті. Іс-шара барысында оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды  жауаптар берілді.

Сонымен қатар, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы Б.Темирханов Еңбекші ауданы бойынша діни көзқараста екпе егуден бас тартқан отбасылардың ата аналарымен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Шымкент қалалық №7 емханасында кездесу өткізді. Діни көзқарастарына байланысты екпеден бас тартқан азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу соңында қойылған сауалдарға дінтанушы мамандар тарапынан толыққанды жауаптар берілді.

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы ОҚМПУ студенттерімен де «Ақпараттық қоғам және дін» атты тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы мамандары Қ.Бердалы мен М.Мұстафаев қатысты. Кездесуде теріс пиғылды түрлі діни ағымдардың ғаламторды пайдаланудың қас шеберіне айналғаны назарға алынып, олардың басты ерекшелігі адамның психо-физиологиялық болмысын жақсы меңгергендігі және осы білімдерін теріс пиғылда пайдаланатын ғаламтордағы арбаушылар жайында баяндама жасалды.

Дін аясындағы тағы бір іс-шара ОҚО прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Халықтың әл-ауқатын жақсарту және қауіпсіз орта қалыптастыру» атты жергілікті десант жобасы аясында Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Бозарық тұрғын алабы тұрғындарымен  кездесу өткізіліп, жергілікті тұрғындарды мазалап отырған ұлтаралық татулықты сақтау, жаңартылған білім мазмұны, құқық қорғау, денсаулық сақтау, жер қатынастары, дін мəселелері бойынша заң аясында сұрақтарға жауап берілді.

Осы орайда ел тұтастығы мен халық  бірлігіне сызат түсірмеу үшін бірден бір дұрыс шешім–жастар арасында дәстүрлі дінді насихаттауға бағытталған бүгінгідей кездесулерді көбірек ұйымдастырып, жас буынмен қоян-қолтық араласып тұру. Ал осы тұрпаттағы Шымкент қаласында қолға алынған шаралар әрбір жастың  діни таным-түсінігін арттырып, өмірге деген дұрыс көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етеді.

И.Айтаев,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.