Жастарды жат ағымдардан қорғау – уақыт талабы

Жат пиғылды кереғар ағымдардың дін атын жамылып, жастардың сана-сезіміне теріс ықпал етіп, адастырып отырғандығы қоғамды алаңдатып-ақ келеді.

Бұл түйткілді мәселе жайлы Елбасымыздың өзі де: «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет»,- деген болатын.

Сондықтан да ғасырлар бойы берік қалыптасқан тәлімдік маңызы зор ұлттық салт-дәстүрді, рухани құндылықтарымызды ұлықтау арқылы кері ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруымыз керек.

Облыс көлемінде жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында өтіп жатқан кездесулер мен семинарлар және лекцияларда т.б. ауқымды іс-шараларда жастарға теріс діни ағымдардың зияндылығы түсіндіріліп, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп отырады.

Өйткені ұрпағымыздың теріс діни сенімдердің арбауына түспей, діни таным-түсінігі толысқан саналы азамат болып өсуі бәрінен де маңызды. Сол себепті, бұл қауіптің алдын-алып, теріс діни ағымдармен күресу – қоғам алдындағы негізі міндет. Ал бұл міндетті абыроймен атқару өңіріміздің дінтанушы мамандарына жүктеліп отыр.

Мәселен жуырда Арыс қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен қала әкім­дігінің мәжіліс залында облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің теолог маманы М.Халықов «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында дәріс оқыды. Кездесу барысында көпшілік дінтанушы маманға өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, қатысушыларға кітапшалар мен сертификаттар табысталды. Сондай-ақ кездесу қонағы бүгінгі таңда терроризм мен діни экстремизмнің қауіпті құбылысқа айналып отырғанын айтып, конфессияаралық келісімнің ордасы, берік ұйытқысы болып отырған еліміздің тұрақтылығын сақтауға қоғам болып құлшыныс танытуымыз керектігін ескертті. Өз кезегінде сала мамандары Арыс қаласында діни экстремизмнің қауіптілігі жөніндегі түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын жеткізді. Анығы сол — теолог мамандар өңіріміздегі оқушылармен тығыз жұмыс істеуде.  Сондықтан да елде ең бірінші кезекте теріс діни ағымдармен күресу үшін білімді ұрпақ дайындау керек. Яғни, ақ-қараны ажырата алатын ұрпақ өз пікірінде қалып, өз құқығын қорғай алады. Бұл мәселелер Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауыл округіне қарасты білім беру мекемелерінде өткен жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатындағы «Жастар діни экстремизмге қарсы» атты кездесуде де әңгіме өзегіне айналды. Бұл жиындарда теолог мамандар жастарға кереғар ағымдардың басты мақсаттарын тарқата түсіндірді. Айта кету керек, теолог мамандардың мектептердегі оқушылармен былайша тығыз жұмыс жүргізуі өз жемісін беруде.

Ал Ордабасы ауданында өткен «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнің мұғалімдерінің білімі мен біліктілігін көтеру мақсатында ұйымдастырылған, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы М.Халықов қатысқан семинар-кеңесте кереғар ағымдармен қарсы күресте біздің теолог мамандар өте сауатты болу керектігін баса айтты. Яғни, теолог мамандардың бір-бірлерімен осылайша жүздесіп, тәжірибе алмасуы өңіріміздегі  діни ахуалдың тұрақты болуына септеседі. Біз де бұл берері көп семинар-кеңестердің алдағы күнде де жалғаса беруін қалаймыз.

 

Дайындаған: Е.ТӘЖИЕВ

«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.