ЖЕМ ҚАЙДА, САҒЫЗ ҚАЙДА, ОЙЫЛ ҚАЙДА, БАБА-МҮСІН СОЛ МАҢҒА ҚОЙЫЛМАЙ МА?!

Екі жас жігіт әңгімелесіп отыр:

– Байғанын ауданының орталығына Дәуімшар батырға ескерткіш орнатылды.

– Иә, хабарым бар. Естуімше сол мүсінді ортануға он бес миллионнан астам қаржы жұмсалыпты. Менің ондай ақшам болса су жаңа көлік мініп, шалқып жүрер едім.

Жолсерік жастардың әңгімесі түрлі ойларға жетелейді. Әрине, көңілі қымбат көлікке ауған жастарды жазғыруға да болмас, әркім өзіне керегін аңсайды. Бірақ, біздің бүгінгі қоғамда бұдан да қымбат, бұдан да маңызды мәселелер бар емес пе?!

Жалпы, біздің бүгінгі қоғам рухани құндылықтарға сусап тұр десек қалелеспейміз. Оны елдің көңіл қалауынан аңғаруға да болады. Рас, батысқа еліктеген жастарымыз ата салтымызға қайшы келетін, көрген адамның көңілін құлазытатын келеңсіздіктерге жол беріп жүргені жасырын емес. Соңғы кездері біржыныстылардың үйленуіне рұқсат беру керек деген сияқты сыңаржақ пікірлер де айтыла бастады. Мұның бәрі сайып келгенде жастардың бойында ұлттық рухтың жетіспеушілігінен болады. Ал, ұлттық рухты ояту жолында батыр бабалар мен дауылпаз жырауларды, ұлттық тұлғаларды дәріптеудің берері зор.

Иә, ағымдағы жылдың бесінші тамызы біз үшін тағы бір тарихи күн ретінде тасқа қашалып, тарихқа жазылып қалды. Осы күні Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының орталығы Қарауылгелді елдімекенінде, тоғыз жолдың торабына Дәуімшар батыр Қуатұлының биіктігі шамамен он бір метрді құрайтын алып ескерткіші тұғырға қондырылды. Бұл – кезінде батырлығымен көзге түсіп, елдің азаттығы жолында шейіт болған батыр бабаға жасалған зор құрмет еді.

Дәуімшар Қуатұлы – XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей отаршылдығына қарсы күресіп, қазақ жерінің тұтастығын сақтауда асқан ерлігімен, табандылығымен танылған батырлардың бірі. Жастайынан ел қорғап, өз тұсындағы қоғамдық, саяси істерге белсенді атсалысқан ол патша үкіметінің отарлау саясатына және Хиуа хандығының басқыншылығына қарсы күрескен халық батыры ретінде бағаланады.

Жаңаөзен қаласында тұратын журналист ағамыз Мұратбай Ұлықпанның келтірген деректеріне жүгінсек, Дәуімшар батырдың соңғы жорығы Жем бойында шамамен 1812 жылдың күз айларында болған. Қатарына ағылшын сарбаздарын қосып алып, барлау жұмыстарын жүргізіп, отарланған жерлерді игеруді жоспарлаған Ресей патша үкіметінің әскеріне қарсы соғыста ерлікпен қаза тапқан. Сол соғыста екі жақтан да көп кісі өледі. Жемнің оң жағында жергілікті жұрт «Орыс мола» атап кеткен қауымда өздерін топограф ғалымдармыз деп таныстырғандар – яғни қазақ жерін картаға түсіріп, империяның есебіне алуға арнайы жіберілген әскери топ, орыс-казак және ағылшын сарбаздары, ауыр артиллериямен аттанған адъютанттар, офицерлер, т.б. әскери шенді кісілер жерленген. Дәуімшар батырдың денесі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылына қарасты Дәуімшар қорымында мәңгі тыныс тапқан.

Дәуімшар батырға ескерткіш орнату жайлы бастама көтерілген күннен бастап оған тілеулестік білдіріп жатқандар аз емес. Осынау игі істің басы-қасында жүрген Маңғыстаудағы «Шоғы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Жаңбырбай Дәрменов пен ұйымдастыру алқасының төрағасы Ісенбай Қалдамановқа, Мақсат Ибағаровқа елдің алғысы зор. Олар өздері салдырған ескерткіштің айналасын абаттандырып, демалыс орнына, балалардың ойын алаңына айналдырғанын да айта кетейік.

Дәуімшар батырды дәріптеу тек батыс өңірімен ғана шектеліп қалмай, оның ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, есімін жаңғыртып жүргендер еліміздің әр өңірінен табылады. Баба рухына тағзым етіп, тәу еткісі келетіндердің де қатары көп. Әсіресе, кешегі аумалы-төкпелі кезеңде атақоныстан ауа көшіп, тағдырдың жазуымен әр жерден дәм бұйырған алдыңғы толқын ағалардың бүгінгі ұрпағы бұл істі жоғары бағалап жүр. Шама-шарқынша үлес қосып, ізгілікті істің баянды болмағына тілеулестік танытып жүргендері қаншама?!

Тілеулестік демекші, Дәуімшар батырға ескерткіш орнатылатыны жайлы жылы хабар тарағаннан ол істің ертерек бітуіне, батыр бабаның еңселі ескерткіші елдің рухани құндылығын арттырып, жастардың бойына ұлтжандылық сынды асыл қасиеттерді дарытатын дәргейлі дүние болмағына дұға жасап, құран бағыштап жатқан ағайынның ықылас-ниеті қуантады. Біздің Оңтүстік өңірінің өзінде соңғы бірер айда  үш рет – Қазығұрт ауданындағы Қызыл сеңгір елді мекенінде Тағайбек Шәкібайұлы ағамыздың шаңырағында, одан кейін Жетісайда Дүйсебай Төлегенов пен Шымкентте Мұрат Бабаев ағаларымыздың үйінде арнайы ақ дастархан жайылып, оқытылған құран аяттары да әруақ сыйлап өскен ағайынның ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыра түскендай әсер қалдырды. Әлі де елдегі карантин талаптары ескеріліп, шағындау етіп өткізілді. Әйтпесе сауапты іске атсалысып, алқалы жиынның ауқымын кеңейтіп, айтарлықтай етіп өткізгісі келетін ағайындар аз емес. Ескерткіштің ашылу салтанаты да елдегі індеттің беті қайтпауына байланысты аспан астында шағындау етіп өткізілді. Дегенмен, жаңашылдыққа, жақсылыққа құмартып жүретін, батыр бабаның есімін ұлықтауға келгенде аянып қалмайтын мәрт мінезді, жомарт жүректі жігіттер Дәуімшар батырды ұлықтау жұмыстары мұнымен бітпейтінін, қайта енді басталғанын айтады.  Дәуімшар батыр Қуатұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына орай «Шоғы батыр» қоғамдық қоры «Қаламгер» әдеби порталымен бірге online форматта ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Карантин жағдайына байланысты мүшәйраға автордың өзі қатысуы міндеттелмеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атаулы дипломдарға және қаржылай сыйлықтарға ие болады. Сондай-ақ бұл өлеңдер алдағы уақытта жарық көретін арнайы жинаққа енеді.

Дәуімшар батырдың еңселі ескеркішін жасау үшін Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арнайы конкурс ұйымдастырып, ең үздік ескерткіш жобасын таңдап алған болатын. Оның жеңімпазы ҚР Мәдениет қайраткері, түркістандық мүсінші, сәулетші шебер Серік Жорабеков еңселі ескерткішті қоладан құйып шықты. Тұғыры мәрмәр тастан қаланды. Бұған дейін Шымкенттің солтүстік-шығыс беткейіндегі төбеде тұрған Бәйдібек бабаның, Шымкент қаласына Сарыағаш жақтан кіреберістегі Бадам өзенінің бойындағы төрт қазанның, Маңғыстаудағы Отпан тау биігіндегі Тайқазанның ескерткішін жасаған кәсіпқой мүсінші, ҚР Мәдениет қайраткарі Серік Жорабековтің қолынан шыққан кезекті туынды да көпшілік тарапынан лайықты бағасын алды. Баба мүсіні Шымкент қаласында жасалғаны, ең алдымен осындағы ағайынға жақсы болды. Карантиндік жағдайға байланысты үлкен жиын өткізуге рұқсат берілмегендіктен, Оңтүстік өңіріндегі ағайын Дәуімшар бабаның ескерткішін жақын жердегі шеберханаға барып көріп, тәу етіп, естелік суретке түсті. Ал, Ақтөбеге аттандыратын күні, яғни исі мұсылман халқы үшін ұлық мереке саналатын Құрбан айттың үшінші күні ескеркіш жанында тағы да бас қосып, одан кейін Мұрат Бабаев ағамыздың үйіне барып ақ дастархан басында құран бағыштаған ағайын батыр бабаны Ақтөбе облысына сәт-сапар тілеп шығарып салды.  Алып мүсінді тиеген Траль жүк көлігі төрт күн жүріп, межелі жеріне жетті. Ескерткіш мүсінді сомдаған шебер Серік Жорабеков ағамызбен бірге Байғанин ауданына барып, Қарауылгелдідегі биік тұғырына орнатып қайттық. Бізді күтіп алып, қонақжайлылық танытқан, ондағы ағайынмен таныстырып, ел-жердің өткен тарихымен таныстырған Наурыз ағамызға, Ақтөбе қаласынан келіп, баба мүсінін тұғырға орнатуға атсалысқан Мұратхан ағаларға да алғысымызды білдіреміз.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,

Шымкент – Ақтөбе – Байғанин – Шымкент.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.